ЕЛБАСЫНЫҢ ӘЛЕМ ТАРИХЫНДА ҚАЛАТЫН БАСТАМАЛАРЫ
8.Бітімгер
2015 жылдың 24 қараша күні түріктер өзінің әуе кеңістігіне кіріп кеткен Ресейдің әскери ұшағын атып түсірген болатын. Содан-ақ Түркия-Ресей арасындағы қарым-қатынас шиеленісіп, екі елдің арасындағы алыс-беріске, экономикалық байланыстарға сызат түсті. Ресей түрік тауарынан бас тартып, Түркияның демалыс аймағынан табылатын орыс туристерінің де легі күрт тыйылды. Мұндай жайт түрік ағайынның экономикасына ауыр соққы болғаны сөзсіз еді. Осыдан кейін бұл араздыққа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев араласып, екі елді татуластырғаны белгілі. Оған дәлел ретінде 2016 жылдың 29 маусым күні Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоғанның Елбасына арнайы қоңырау шалып, Ресеймен арадағы қарым-қатынастың арнасын қалыпқа келтіру жолында сіңірген баға жетпес еңбегі үшін алғыс сезімін жеткізгенін айтсақ та жеткілікті.
Ұзақ уақыттан бері Ресей мен Украина арасындағы ахуалдың шиеленісіп тұрғаны белгілі. Бауырлас екі елді татуластыру жолында Қазақстанның Тұңғыш Президенті аз еңбек сіңірген жоқ. Украинаның бұрынғы Президенті Петр Порошенко да, қазіргі Президенті Владимир Зеленский де Ресеймен арадағы араздығын шешу үшін Елбасының көмегіне жүгініп келеді. Осыдан біраз уақыт бұрын ғана «Астана клубының» V отырысында Тұңғыш Президент бауырлас Ресей мен Украина арасында болып жатқан оқиғаларға тағы да алаңдаушылығын білдірген еді.
«Мәселенің шешімі бар. Алға жылжу керек. Ресей мен Украина президенттері жігер таныта білуі тиіс. Бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмын. Баршаңызды Ресей мен Украинаның арасындағы қатынасты бұзбай, керісінше, жақындастыруды ұсынамын. Донбас пен Лугансктегі мәселені шешу керек. Процесс жүріп жатыр. Тұтқындағы азаматтар босап, әскер бір-бірінен алыстай бастады. Сондықтан, осындағы сарапшылар да ондағы бейбітшілікті сақтау бағытында ой айтуы тиіс», — деді Елбасы.