Теңге айналымға шықты
1993 жылы 12 қараша күні Қазақстанның ұлттық валютасы айналымға шықты. Басында ұлттық банк бір теңгені мың сомға бағалаған.
Артынан оны 500 сомға дейін түсірді. Ескі ақшаны бес күннің ішінде айырбастап тастады. Ұлттық валюта айналымға шыққанда бір долларға шаққанда бағамы 4,75 теңге болған.
Теңгенің алғашқы үлгілерін суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов пен Қайролла Әбжәлелов салған.
Валютаға белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар басылды.
Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгелікте — Сүйінбай, бес теңгелікте — Құрманғазы, он теңгелікте – Шоқан Уәлиханов, жиырма теңгелікте — Абай, елу теңгелікте — Әбілқайыр хан, ал жүз теңгелікте Абылай ханның бейнесі сомдалды.
Уақыт өте келе, тарихи тұлғалардың бейнесін алып тастады. Ал 2016 жылы 1 желтоқсанда Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 10 000 теңгелік банкнот басылды.
Оған Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті салынды. Артынан Елбасының бейнесі бар кәдесый монетасы да шықты.