ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ТҰЛҒАСЫ — ЕЛБАСЫ
Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласын оқып отырып, толғаныстарына тебіреніп, бірге сұхбат құрғандай әсерде боласың. Бостандық пен азаттықты аңсаған қазақ мемлекетін құру жауапкершілігі тағдырына жазылған тұлғаның бұл жолы халқына сырын ақтарып, толғанған күйі ерекше тебіреніспен әсер етті. Саясаттағы байсалды ұстанымның арқасында Қазақ елі өз биігін бағындырғаны ақиқат.
Өткенге ой жүгірте отырып, қоғам санасындағы сілкіністің заңды екеніне де келісесің. Қоғамдық сана, ұлттық намыс, отаншылдық, ұлтжандылық қасиетке ұлттың оянып, жетілуіне жол ашылды. Өткір сын, әділдік, ақиқат бүгіннің олжасы ғана емес, сатылай жетілудің үлгісі болды.
Елбасы: «Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Алдын ала ойластырумен, зор ұйымдастырушылықпен, қапысыз дайындықпен келді», деді.
Елінің басынан өткен тарихи тағдырлы кезеңін сабақтай отырып, Елбасы тәуелсіз елдің болашағына сенім артыпты. Елбасы әділдік үшін ақиқат жолында өткір сынды да айтты, басын бәйгеге де тікті. Қандай саяси драмалар болсын, жерінің бүтіндігі, халқының бейбітшілігін жанына жалау етті. Халық бейбіт жолмен дамыды, көшбасшысына сенді. Қауіпті шатқалдардан ыңғайлы жол тапты, асулардан аман өтті. Шекарасы шегенделген қазақтың Еуропа елдеріне, Парсы шығанағына, Үнді, Атлант және Тынық мұхитқа тікелей шығу мүмкіндігіне қол жеткізді. Қазақстан еуроазиялық трансконтинентальді көлік көпіріне айналды. Адам айтса сенгісіз мұндай арманға қол жеткізу мүмкін болмастай көрінетін.
Елбасы «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында: «Отыз жылға жуық ел басқарған кезімде мен қаншама азаматты серік етіп, көптеген шәкірт тәрбиеледім. Солардың ішінде Үкімет басқарған, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары ретінде жаһандық саясатқа жетіктігін танытқан, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қасымнан табылған нағыз патриот, жоғары білікті кәсіпқой тұлға Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Президенттік қызметке ұсындым. Сайлауда басым көпшілігі оны қолдады. Осылайша біз халқымыздың ауызбірлігін, саясаттағы сабақтастығымызды күллі әлем қауымдастығына тағы бір қырынан таныта білдік», дейді.
Елбасы «Алда алар асуларымыз бен бағындырар биіктеріміз де, ықтимал сын-қатерлер де аз емес» екенін де ескертеді. Иықты кеңге салар заман қай кезеңде де болған емес. Үш он жылдықты еңсерген елдің алдында аялдауды күттірмейтін, жанкешті жетілудің, өрлеу мен дамудың жаңа аңғары жол салды. Индустриялық-инновациялық дамудың жаңа кезеңі басталғанын және ол бүгінгі жаңа буынның үлесіне тиген ұлы бетбұрыстар болатынына тоқталған. «Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолында тұрақтайды». Бұл – Елбасының болашаққа айтқан аманаты деп білген жөн.