БІЛІМДІ ӘРІ ЕҢБЕКҚОР ЖАСТАР — ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ
Әрбір мемлекеттің өркендеп дамуының кепілі — бәсекеге қабілетті жалынды жастар екені даусыз. Сондықтан да мемлекеттік саясаттың негізгі бағытының бірі – жастарды қолдауға бағытталған.
Тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығының қарсаңында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұтастай халыққа, әсіресе жастарға маңызды үндеу жолдады. Тәуелсіздікті қастерлеп, ұлан байтақ жерімізде бірлік пен келісімде өмір сүруді, отбасы мен салт-дәстүрімізді сақтай отырып, ұлттық мәдениетімізді шыңдауды және жастарға білімді, еңбекқор әрі бәсекеге қабілетті болудың негізгі қағидаттарын ұсынды.
«Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын өскелең ұрпаққа аманат ретінде жеткізу мақсатында «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева «𝗝𝗮𝘀 𝗢𝘁𝗮𝗻 𝗖𝗮𝘀𝗲𝘀» диалогтық алаңында жасотандық жастар мен жас қоғам белсенділерімен кездесіп, осы тақырып төңірегінде әңгіме өрбітті.
— «Білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті» деп аталатын тұғырда Елбасы
«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп дана Абай айтқандай, біз тек өз біліміміз бен күшімізге сенуіміз керек», — деп нақты айтты. Расымен де өскелең ұрпақты білімді әрі еңбекқор етіп тәрбиелеу арқылы жарқын болашаққа жетелей аламыз, —деді жастармен кездесуінде Ж.Бектаева.