Жастар – тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші
Әр өңірде жастардың маслихатына қабылданып, тіпті облыстық басқармаларды тізгіндеп келе жатқан жастар қатары да көбейе түсті. Оған басты себепкер болған – Елбасымыздың жастар саясаты бағытындағы бағдарламалары. Екінші бір мүмкіндік жастар ұйымдарының жұмыстары. Алдымен, бұл қатарға Елбасы төрағасы болып табылатын «Нұр Отан» партиясының жанындағы «Жас Отан» жастар қанатын айтуға болады. 2013 жылы құрылған «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы, «Қазақстан жастары» қоғамдық ұйымы, ел бойынша мыңдаған студенттің басын біріктіретін «Қазақстан студенттері альянсы» РСҚ, «Жасыл ел» еңбек жасақ ұйымы, «Жастар» мәслихаты қоғамдық қорлары тағы басқаларын айтуға болады.
Жалпы, жастар дегеніміз кімдер? Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Олар – жоғары сынып оқушылары, студенттер, жұмысшылар, сонымен қатар NEET санатындағы азаматтар. Қазір
Қазақстанда 14 пен 29 жас аралығындағы 3,7 млн адам өмір сүреді. Бұл халықтың 20 пайызына пара-пар. Ал 35 жасқа дейінгі азаматтар саны 6,1 млн немесе 32,5 пайыз шығады. Жастарға айрықша көңіл бөлген мемлекет қана саяси және экономикалық табысқа жете алады. Еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бастап, жастар мәселесін мемлекеттің басым бағыты ретінде белгілеп, жұмыс атқарып келеді. Қай уақытта да оның құндылығы жойылған емес.