“ТҮРКІСТАН ЖАСЫЛ ҚАЛАҒА АЙНАЛАДЫ”
Облысымыздың әкімі Дархан Амангелдіұлы "Жібек жолы" саябағындағы сенбілікке қатысып, жасыл желек қатарын арттыруға үлесін қосты. Сонымен қатар қаладағы желілік саябақтардың жағдайын да аралап көрді. Атқарылған жұмыстар бойынша назарға алынуы тиіс мәселелерді атап, нақты тапсырмалар берді.
Тапсырмалардың рухани астананың келбетін сақтау, көркейту жоспары аясында орындалуын қамтамасыз етуге тиісті жұмыстарды ұйымдастыратын боламыз.
Сенбіліктен соң құрылыс нысандарына барып, әдеттегідей апта ішінде айтылған ескертулердің нәтижесін тексердім. Көпқабатты тұрғын үйлердің мерзімінде сапалы тапсырылуы — тұрақты бақылауымда.
Майкотов көшесіндегі абаттандыру құрылысының үшінші кезеңі өндірістік кестеге сәйкес жүзеге асырылып келеді. «Арман» және «Сырдария» тұрғын үй кешені аулаларын абаттандыру бойынша жауапты мамандарға тапсырмалар беріліп, мерзімі бекітілді.
Яссы көшесіндегі, «Отырар» мөлтек ауданындағы абаттандыру жобасы бойынша өзгерістер енгізуді, көгалды аумақтарды қорғаудың жолдарын мердігермен бірге талқылап, қосымша көшеттер отырғызу келісілді. Сондай-ақ, аралау барысында Б.Саттарханов даңғылы және Майкотов көшесінің аралығындағы гидранттық жүйелердің ІІ-кезеңін тексердім. Жалпы бұл жүйе өз тиімділігін дәлелдегенін айтып өткенім жөн. Бүгінде ботаникалық бақ аумағындағы 62 шақырым гидрант — 611 гектарды, Б.Саттарханов даңғылы мен Майкотов көшесінің аралығында іске асқан 110 шақырым гидрант — 620 гектарды сумен қамтамасыз етуде. Қазыбек би мен Жарылқапов көшелерінің аралығы, Батыс Қытай Батыс Еуропа жолының бойында 25 шақырым гидрантты жүйе құрылысы аяқталғанда 336 гектар жасыл желектің суғару мәселесі шешімін табады. Кентау тас жолы, Оралман аумағы. Қотырбұлақ су сақтау қоймасынан қалаға кіре берістегі 40 шақырымға созылған жүйе арқылы 320 гектарға су жеткізілуде. Келесі жылы Б.Саттарханов даңғылынан Ортақ тұрғын үй алабына дейін, Тұран аумағын гидрантты жүйемен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыстар өз нәтижесін бергенде қарқынды қанат жайып келетін Түркістан жасыл қалаға айналады деп сенемін. Бұл жалғыз менің емес, әр түркістандықтың сеніміне айналғанда руханият төрі саналатын киелі мекеннің жаңа тынысы ашылады. Қаламыздағы тірліктерге ат салысып, жанашырлық танытып жүрген азаматтарға ерекше алғысымды білдіремін. Мен баршаңызды Отан отбасыдан, өз шаңырағымыздан басталатынын, қала өз үйімізден, көшемізден басталатынын әрекетімізбен танытып, кейінгі ұрпаққа үлгі болуға шақырамын!