ШЫМКЕНТТІКТЕР ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТЕРДІ ОРЫНДАУҒА ӘЗІР
Бүгінде мемлекет білім берудің сапасын арттыруға ерекше көңіл бөліп отыр. Ол үшін мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және олардың кәсіби біліктілігін арттыруға басымдық берілуде. Өз кезегінде ұстаздар қауымы сол сенімге лайық болуы үшін тынбай еңбектенуде.
Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын түсіндіру мақсатында Шымкент қаласындағы №118 жалпы орта мектепте өткен жиын барысында Абай ауданы әкімінің аппаратының бас инспекторы Бауыржан Арғынғазиев айтты.
— Мемлекет басшысы Жолдауда «Білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажет» екенін айтты. Президент ол үшін мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуді міндеттеді. Себебі, ұстаз шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиіс. Сондай-ақ, мұғалімдердің жалақысын көбейтуге 2025 жылға дейін 1 триллион 200 миллиард теңге бөлу жоспарланған, – деді Бауыржан Батырғазыұлы.
Сонымен қатар, ол денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру, сапалы біліммен қамту, өңірлік саясатты жетілдіру, ауыл шаруашылығын қолдау және тағы басқа басым бағыттар Жолдауда көрсетілген міндеттерді және оларды жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап берді.
Кездесудің соңында мектеп директоры Әбу Қалмұрат қала тұрғындары Жолдау жүктеген міндеттерді ынтымақ пен бірліктің арқасында орындап шығатынына сенім білдіріп, жиынды қорытындылады.
Айта кетейік, Шымкент қаласы Абай ауданында Жолдауды түсіндіру бойынша ақпараттық-насихаттық топ жүйелі түрде жұмыс істеп, тұрғындармен кездесуін жалғастыруда.