Без рубрики

САЙРАМДА «ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДОСТЫҚ – ТҮРКІ ӘЛЕМІ ЖАСТАРЫ ФОРУМЫ» ӨТТІ

Сайрам ауданында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен 25 қазан – Республика күніне орай «Халықаралық достық – Түркі әлемі жастары форумы» ұйымдастырылды. Маңызды жиын Ақсукент ауылында орналасқан Қ. Жандарбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде өтіп, түркі әлемі жастарының достығы мен бірлігін нығайтуға арналды. Іс-шараны облыстық әзербайжан этномәдени қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Форумның басты мақсаты – жастар арасында өзара сыйластық пен ынтымақтастықты дамыту, түркі халықтарына ортақ рухани құндылықтарды дәріптеу, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту болды. Бұл жиын Қазақстан халқы Ассамблеясының ел бірлігін сақтаудағы маңызды рөлін айқын көрсетті.

Іс-шараға Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары – Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Нұрсұлтан Сейтжанов, «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева, «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының басшысы Базарбай Айтбаев, облыстық әзербайжан этномәдени қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Рамиля Мустафаева және қоғам белсенділері қатысты.

Жиын барысында спикерлер қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің ел дамуы үшін маңызы зор екенін атап өтті. Олар Қазақстанның көпэтносты қоғамындағы татулық пен өзара құрмет – тұрақты даму мен бейбіт өмірдің басты кепілі екенін айтып, жастарды осы құндылықтарды сақтауға және дамытуға шақырды.

Форумға Әзербайжан елінен арнайы келген эстрада жұлдызы Казым Жан, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелері, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттері, өңірдегі этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен белсенді жастар қатысты. Бұл жастар алаңы түрлі этностар арасындағы достықты нығайтып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.

Мерекелік шара жоғары деңгейде өтіп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй мен рухани әсер сыйлады. Ел бірлігін нығайтуға және қоғамдық келісімді сақтауға үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар мен арнайы марапаттар табысталды.

Форум соңы мерекелік концертке ұласып, өнерпаздардың орындауындағы әндер мен сахналық қойылымдар көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Тағылымды жиын түркі әлемі жастарының бірлігін бекемдеп, ел ішіндегі татулық пен ынтымақты одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды алаң ретінде қорытындыланды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close