САЙРАМДА «ТІЛ – ТІРЕГІМ, СОҒЫП ТҰРҒАН ЖҮРЕГІМ!» ТАҚЫРЫБЫНДА ТАҒЫЛЫМДЫ ІС-ШАРА ӨТТІ
Сайрам ауданында Қазақстан халқының тілдері күніне орай мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, этносаралық татулық пен өзара құрметті нығайтуға бағытталған мазмұнды іс-шара өтті.

«Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының жылдық жоспары аясында Оңтүстік Қазақстан индустриалды-инновациялық колледжінің мәжіліс залында ұйымдастырылған «Тіл – тірегім, соғып тұрған жүрегім!» атты кездесу этнос жастарының белсенді қатысуымен жоғары деңгейде өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін айқындау, әрбір азаматтың ана тіліне және мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігін арттыру, тіл мәдениетін көтеру, сондай-ақ тіл саясатын жүзеге асырудағы өзекті мәселелер мен озық ойларды ортаға салу болды. Сонымен қатар, көпэтносты қоғамда тіл арқылы бірлік пен өзара түсіністікті нығайту мәселелері кеңінен қозғалды.
Іс-шараға «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының басшысы Базарбай Мамадиярұлы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Сайрам аудандық төрағасы Мұрат Есалиев, «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ-нің басшысы Зухра Ақпанова, Оңтүстік Қазақстан индустриалды-инновациялық колледжінің директоры Нұргүл Нұрекенова, сондай-ақ түрлі этнос өкілдері мен жастар қатысты.
Кездесу барысында Базарбай Айтбаев Сайрам ауданында бүгінде 40-тан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда әрбір этностың ана тілі, мәдениеті мен салт-дәстүрі мемлекет тарапынан құрметке ие. Осы ретте мемлекеттік тіл – барша қазақстандықтарды біріктіретін негізгі құндылық әрі ел бірлігінің басты тірегі екенін жеткізді. Сондай-ақ ол жыл сайын 5 қыркүйек күні Қазақстан халқының Тілдер күні ретінде ресми түрде аталып өтетінін айтып, бұл мереке ел ішіндегі бейбітшілік пен татулықтың, мәдени әралуандық пен өзара құрметтің символына айналғанын атап өтті.
Өз сөзінде Мұрат Есалиев мемлекеттік тілді меңгеру – әрбір азаматтың азаматтық борышы екенін, ал қазақ тілін дамыту – барша қоғамның ортақ міндеті екенін тілге тиек етті. Ол жастарды тілге құрметпен қарап, күнделікті өмірде қазақ тілін кеңінен қолдануға шақырды.
Ал Зухра Ақпанова тілдерді оқыту және дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, тілдік орта қалыптастырудың, жастардың тіл үйренуге деген ынтасын арттырудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік тілмен қатар еліміздегі өзге тілдерге деген құрмет – Қазақстан қоғамының басты ерекшеліктерінің бірі.
Шара барысында этнос жастары қазақтың ұлы ақын-жазушыларының тіл тақырыбындағы өлеңдерін мәнерлеп, жатқа оқып, көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады. Жастардың белсенділігі мен қазақ тіліне деген құрметі іс-шараның мазмұнын одан әрі байыта түсті.
Кездесу соңында қатысушылар Тілдер күнінің маңыздылығына тоқталып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға бағытталған мұндай тағылымды іс-шаралардың алдағы уақытта да жалғасын табуы қажет екенін атап өтті. Тағылымды жиын жастардың бойында тілге деген сүйіспеншілікті арттырып, ел бірлігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде қорытындыланды.



