ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АГРАРЛЫҚ СЕКТОРДА ЖАҢА НӘТИЖЕЛЕРГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ
Түркістан облысында 2025 жылғы егін жинау науқанының қорытындысы өңір аграрлық секторының тұрақты дамып келе жатқанын айқын көрсетті.

Соңғы жылдары ауыл шаруашылығын жүйелі қолдау, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану нәтижесінде өңірде өнім көлемі артып, егіс алқаптарының құрылымы жаңаша қалыптасуда. Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 34 мың гектарға ұлғайып, 907 мың гектарды құрады. Бұл – Түркістан облысының республикадағы жетекші аграрлық өңір ретіндегі рөлін тағы бір мәрте дәлелдейтін маңызды көрсеткіш.
Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын дамытуға, әсіресе су үнемдеу технологияларын енгізуге қатысты тапсырмалары өңірде нақты жүзеге асырылып келеді. Соңғы үш жылда тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелерін енгізу арқылы егіс көлемі 43,4 мың гектарға артты. Бұл бағыттағы жұмыстар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың тікелей бақылауында жүргізіліп, әрбір аудан мен қалада нақты нәтижеге бағытталған жоспарлар іске асуда. Су ресурстары тапшы кезеңде мұндай технологияларды қолдану – ауыл шаруашылығының болашағы үшін стратегиялық маңызы бар шешім екені анық.
Егіс көлемін арттыру бойынша өңірдегі бірқатар аудан мен қалалар айқын көшбасшы болып отыр. Атап айтқанда, Отырар ауданында егіс көлемі 20,8 мың гектарға, Арыс қаласында 9,2 мың гектарға, Сарыағаш ауданында 6,5 мың гектарға, Бәйдібек ауданында 4,8 мың гектарға, ал Сауран ауданында 2,3 мың гектарға ұлғайды. Бұл көрсеткіштер жергілікті әкімдіктердің аграрлық саясатты тиімді жүргізіп, шаруаларды жаңа технологияларға ынталандыра алғанын көрсетеді. Сонымен қатар егіс құрылымын әртараптандыру жұмыстары да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Биыл дәнді дақылдар 342 мың гектарға, майлы дақылдар 73 мың гектарға, көкөніс пен картоп 55,9 мың гектарға, бақша дақылдары 62 мың гектарға, мал азықтық дақылдар 229,9 мың гектарға, ал мақта 144,5 мың гектарға егілді. Әсіресе мақта алқабының 38,1 мың гектарға артуы өңірдің экспорттық әлеуетін күшейтуге оң әсер етуде.
Егін жинау және дала жұмыстарын сапалы жүргізу үшін материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударылды. Биыл дала жұмыстарына қажетті 93,3 мың тонна жанар-жағармай бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Күзгі дала жұмыстарына қарастырылған 38 мың тонна жанар-жағармай толық сатып алынып, оның 12,4 мың тоннасы 1768 ауыл шаруашылығы құрылымына жеткізілді. Жанармайдың литрі 251–253 теңгеден босатылып, нарықтық бағадан 18 пайызға төмен болды. Бұл шаруалардың қаржылық жүктемесін азайтып, дала жұмыстарын дер кезінде әрі толық орындауға мүмкіндік берді.
Мемлекет басшысының минералды тыңайтқыштарды ғылыми негізде қолдану жөніндегі тапсырмасы да Түркістан облысында нақты жүзеге асырылды. 2025 жылға облыстық бюджеттен бұл мақсатқа 12,2 млрд теңге бөлініп, нәтижесінде 781 мың гектар егіс алқабына 227,1 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізілді. Жоспар 120 пайызға орындалды. Соңғы үш жылда тыңайтқыш қолдану көлемінің екі есеге артуы өнімділікті арттыруға тікелей әсер етіп отыр. Бұл – жердің құнарлылығын сақтауға және ұзақ мерзімді тұрақты өнім алуға бағытталған маңызды қадам.
Аграрлық секторды қаржыландыру көлемі де айтарлықтай өсті. 2025 жылдың 10 айында облыстың ауыл шаруашылығы саласына 26,4 млрд теңге несие бағытталды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,6 есе көп. Қаржыландыру «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Оңтүстік» АИО, «Ырыс» микроқаржы ұйымы және «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жүзеге асырылуда. Бұл қаржы шаруаларға айналым қаражатын толықтыруға, техника алуға және жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік беріп отыр.
Өңірдегі ауыл шаруашылығы техникасының жаңартылуы да қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда облыста 25 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы бар. Оның ішінде 16 мың трактор, 1,8 мың комбайн және 11,6 мың түрлі қосалқы агрегаттар жұмыс істейді. Биыл шаруалар 1531 жаңа техника сатып алып, техника паркін 8,8 пайызға жаңартты. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 10 пайызға жетеді деп күтілуде. Заманауи техниканың көбеюі еңбек өнімділігін арттырып, егін жинау жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтауға мүмкіндік берді.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың қолдауымен аграрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған нақты жобалар іске асырылуда. Биыл «Оңтүстік» АИО арқылы 470 млн теңге бөлініп, Жетісай ауданында «Мақталы Жер» ЖШС-нің машиналық-технологиялық станциясы құрылды. Бұл станцияның балансында 87 техника бар, оның 37-сі несие есебінен алынған. Сонымен қатар «Мырзакент-Агро» ЖШС де өз қаражаты есебінен МТС ашты. Мұндай орталықтар жергілікті агроқұрылымдарға қолжетімді бағада қызмет көрсетіп, жаңа технологияларды енгізу арқылы өнімділікті арттыруға айтарлықтай үлес қосуда.
Су үнемдеу технологиялары өңір үшін стратегиялық басымдыққа айналды. 2025 жылы жоспарланған 27 мың гектардың орнына нақты 59 мың гектар алқапта су үнемдеу технологиялары енгізілді. Оның ішінде 54,6 мың гектарға тамшылатып суару, 4,4 мың гектарға жаңбырлатып суару жүйесі орнатылды. Қазіргі таңда облыс бойынша су үнемдеу жүйелері 114 мың гектар алқапты қамтып отыр. Бұл технологиялар суды екі есеге дейін үнемдеуге және өнімділікті арттыруға мүмкіндік беруде. Мәселен, мақта дақылының өнімділігі тамшылатып суару арқылы екі есе артса, су тұтыну көлемі гектарына 5,2 мың текше метрден 2,6 мың текше метрге дейін азайды.
Жалпы алғанда, Түркістан облысының аграрлық секторы тұрақты даму жолына түсті. Мемлекеттік қолдау шаралары, заманауи технологиялардың кеңінен енгізілуі және шаруалардың тынымсыз еңбегі өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетін арттыруда шешуші рөл атқаруда. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, Түркістан облысы еліміздің аграрлық өндірісіндегі жетекші өңірлердің бірі ретінде өз орнын нығайта беретіні сөзсіз.



