ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ӨЗБЕКСТАНҒА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН БАРЫП, ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ БОЙЫНША КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗДІ
Түркістан облысының туристік әлеуетін халықаралық деңгейде ілгерілету және көршілес елдермен ынтымақтастықты нығайту мақсатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров бастаған делегация Өзбекстан Республикасына жұмыс сапарымен барды.

Сапардың негізгі мақсаты – екі ел арасындағы туризм саласындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеру, көлік-логистикалық байланыстарды кеңейту, туристік бағыттарды бірлесіп дамыту және тәжірибе алмасу. Делегация құрамына туризм саласына жауапты басқарма басшылары, салалық мекеме жетекшілері, туристік компаниялар мен қонақ үй бизнесінің өкілдері кірді. Бұл – сапардың тек ресми емес, сонымен қатар практикалық мазмұнының да жоғары екенін көрсетеді.
Жұмыс сапарының алғашқы күні Ташкент қаласында өтті. Мұнда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Өзбекстан Республикасының Көлік министрі Илхом Махкамовпен кездесті. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы көлік және туризм салаларындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайын талқылап, оны одан әрі дамыту жолдарын қарастырды. Әсіресе, туристер ағынын арттыруға мүмкіндік беретін әуе, автомобиль және теміржол қатынастарының маңызына баса назар аударылды.
Нұралхан Көшеров өз сөзінде Өзбекстанның Түркістан өңірі үшін стратегиялық маңызы бар серіктес екенін атап өтті. Ортақ тарих, рухани сабақтастық, мәдени және діни мұра екі ел халқын бұрыннан байланыстырып келе жатқанын айта отырып, осы әлеуетті туризм саласында тиімді пайдалану қажеттігін жеткізді. Түркістан облысы туризм мен көлік инфрақұрылымын дамыту Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі ретінде қарастыратынын атап өтті.
Облыс әкімі Түркістан өңірінің туристік мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, өңірде туристерді қызықтыратын бірегей нысандар жеткілікті. Ең алдымен, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – түркі әлемінің рухани орталығы саналады. Бұдан бөлек, облыс аумағында 1 780-нен астам тарихи-мәдени ескерткіштер, соның ішінде көне қалалар орындары, археологиялық кешендер, сәулет нысандары бар. Сонымен қатар төрт ерекше қорғалатын табиғи аумақтың болуы экотуризм мен танымдық туризмді дамытуға мол мүмкіндік береді.
Кездесу барысында Түркістан қаласында жұмыс істеп тұрған халықаралық әуежайдың әлеуеті де сөз болды. Жылына 3 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы әуежай өңірдің туристік ағынын арттыруда маңызды рөл атқарып отыр. Осы орайда Нұралхан Көшеров Түркістан мен Өзбекстан қалалары арасында жаңа тікелей әуе рейстерін ашуға дайын екендерін білдірді. Атап айтқанда, Түркістан – Үргеніш – Түркістан бағытын іске қосу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын жеткізді. Бұл бағыт рухани және тарихи туризмді дамытуға тың серпін бермек.
Сонымен қатар автокөлік және теміржол қатынасын жақсарту, туристік маршруттарды өзара байланыстыру, шекарадан өту үдерістерін жеңілдету мәселелері де талқыланды. Әсіресе туристер үшін «жасыл дәліздер» ұйымдастыру, визасыз режимнің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, шекара бекеттеріндегі сервисті жетілдіру секілді ұсыныстар ортаға салынды. Мұндай шаралар екі ел арасындағы туристік ағымды еселеп арттыруға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде Өзбекстанның Көлік министрі Илхом Махкамов Қазақстанмен, оның ішінде Түркістан облысымен ынтымақтастықты нығайту Өзбекстан үшін де маңызды екенін атап өтті. Ол ұсынылған бастамаларға оң көзқарас білдіріп, тиісті мекемелер тарапынан жан-жақты қарастырылатынын жеткізді. Бұл екіжақты келіссөздердің нәтижелі өткенін көрсетеді.
Жұмыс сапары барысында облыс делегациясы «Uzbekistan Airways», «Silk Avia», «Qanat Sharq» әуе компанияларының басшыларымен де жеке кездесулер өткізді. Келіссөздерде жаңа әуе бағыттарын ашу, чартерлік рейстерді ұйымдастыру, туристік маусым кезінде рейстер санын арттыру, сондай-ақ туристерге ыңғайлы уақыт кестесін қалыптастыру мәселелері талқыланды. Әуе компаниялары тарапынан Түркістан бағытына қызығушылық бар екені айтылып, бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаластыққа қол жеткізілді.
Кездесулер барысында Нұралхан Көшеров екі ел арасында бірыңғай туристік логистикалық кеңістік қалыптастыру бастамасын көтерді. Бұл Қазақстан мен Өзбекстанның туристік маршруттарын біріктіріп, ортақ турпакеттер әзірлеуге мүмкіндік береді. Мәселен, Түркістан – Ташкент – Самарқанд – Бұхара – Хиуа бағытындағы кешенді турлар шетелдік туристер үшін де, өңірлік саяхатшылар үшін де аса тартымды болмақ. Мұндай жобалар Орталық Азияның туристік брендингін күшейтуге ықпал етеді.
Айта кету керек, Түркістан облысының делегациясы жұмыс сапары аясында Өзбекстанның Ташкент, Самарқанд, Үргеніш және Хиуа қалаларында болып, жергілікті атқарушы органдармен, туризм саласына жауапты басшылармен кездесулер өткізуді жоспарлап отыр. Бұл кездесулерде тарихи қалаларды дамыту тәжірибесі, туристік инфрақұрылым, сервистік қызмет көрсету, мәдени мұраны сақтау және оны туристік өнімге айналдыру бағытындағы тәжірибелер зерделенеді.
Жалпы, бұл жұмыс сапары Түркістан облысының халықаралық туризм картасындағы орнын күшейтуге бағытталған маңызды қадам болды. Көршілес Өзбекстанмен туризм саласындағы әріптестікті тереңдету өңір экономикасына инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және шағын және орта бизнестің дамуына оң әсер етеді. Сонымен қатар бұл бастамалар түркі әлемінің рухани байланысын нығайтып, тарихи-мәдени мұраны бірлесіп дәріптеуге жол ашады.


