Без рубрики

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА 5 ЖЫЛДА 90,2 МЛРД. ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛЫП, АУДАННЫҢ ИНДУСТРИЯЛДЫҚ ПОТЕНЦИАЛЫ АРТТЫ

Түркістан облысында экономикалық дамуды жеделдету, жұмыссыздық деңгейін төмендету және кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бұл бағыттағы тапсырмаларды облыс әкімі Нұралхан Көшеров нақты әрі қатаң бақылауға алған. Соңғы жылдары аудандарда жаңа өндірістік орындар ашу, инвесторларды тарту, шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау арқылы жергілікті тұрғындардың әлеуметтік ахуалын жақсарту бойынша нақты жобалар іске асырылуда. Жетісай ауданы бұл тұрғыда айқын мысал болып отыр. Аудан экономикасының дамуы мен инвестициялық әлеуетін арттыру бағытында қолға алынған жобалар ауыл және қала тұрғындарына жаңа мүмкіндіктер сыйлап, өңірдің индустриялық дамуына серпін беріп отыр.

Осы орайда Жетісай ауданына қарасты Асықата кентінде салынып жатқан шағын өндірістік парк ерекше назар аударады. Жалпы аумағы бір гектарды құрайтын парк аумағында қазіргі таңда бес негізгі өндіріс орны іске қосылуда. Олардың ішінде түйіршіктелген құрама жем шығаратын цех, темір бұйымдарын дәнекерлеу цехы, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін цех, сондай-ақ құрғақ және сұйық ұнтақ, кір сабын мен сусабын өндіретін цех, әжетхана қағазы мен майлықтар шығаратын цех бар. Бұл жобалардың жалпы құны 210 млн теңгені құрайды және олар іске қосылғанда 100-ге жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Сонымен қатар, әр өндіріс орны жаңа технологияларды қолдану арқылы өнім сапасын арттыруға және өндіріс тиімділігін жоғарылатуға бағытталған.

Аудан әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов өндірістік парк аумағында болып, құрылыс барысымен танысты. Олар инвесторлармен кездесу барысында құрылыс жұмыстарының жоспарға сай, сапалы әрі межеленген мерзімде аяқталуын қадағалау қажеттігін ерекше атап өтті. Аудан басшыларының айтуынша, индустриялды аймақ пен шағын өндірістік парк ауданның экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратын стратегиялық нысандар болып отыр. Жаңа өндіріс орындары мен кәсіпорындарды ашу жергілікті экономиканы тұрақтандырып, жұмыссыздықты азайтуға, жастарды еңбекке тартуға және аймақтың өндірістік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

– Белгіленген жоспарға сәйкес өндірістік паркінде бес инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Ауданда жаңадан салынып жатқан индустриялды аймақ пен шағын өндірістік паркті тиімді пайдалану, жаңа өндірістік орындарды ашу экономикалық дамуымызды еселеуде маңызды. Біз өз тарапымыздан инвесторларға заң аясында барлық қолдауларды көрсетеміз. Сонымен қатар, аудан орталығына жақын орналасқан Асықата кенті мен Ынтымақ, Жаңа ауыл, Қазыбек би ауылдық округтері инвестициялық тұрғыдан әлеуеті жоғары аймақтар болып саналады, – деді Серік Мамытов.

Соңғы бес жылдың өзінде Жетісай ауданына тартылған инвестиция көлемі 90,2 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш ауданның инвестициялық тартымдылығын айқын көрсетіп, жергілікті кәсіпкерлердің санын арттыруға және жаңа өндіріс орындарын ашуға жол ашты. Алдағы уақытта ауданға тартылатын инвестиция көлемін 2030 жылға дейін 419,6 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған. Осы көрсеткішке қол жеткізу арқылы Жетісай өңірі Түркістан облысының индустриялық әлеуетін айтарлықтай күшейтетін болады.

Жетісай ауданының экономикалық дамуы тек өндіріс саласымен шектелмей, сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар жобалармен де тығыз байланысты. Жаңа өндірістік орындар іске қосылған сайын жергілікті халыққа тұрақты табыс көздері қамтамасыз етіліп, жастардың жұмысқа орналасуы жеңілдейді. Бұл өз кезегінде әлеуметтік тұрақтылықты күшейтіп, ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, индустриялық аймақ пен шағын өндірістік парк ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге, логистикалық қызметтерді дамытуға және жергілікті нарықтағы өнім сапасын көтеруге жағдай жасайды.

Аудан әкімдігінің болашақтағы жоспарына сәйкес, индустриялық аймақтарда жаңа жобаларды іске қосу арқылы жергілікті кәсіпкерлердің инвестициялық белсенділігін арттыру, өндірісті автоматтандыру, экологиялық стандарттарды сақтау және өнімді экспортқа шығару мүмкіндіктерін кеңейту көзделуде. Бұл жобалар аудандағы кәсіпкерліктің дамуына жаңа серпін беріп, өңір экономикасының әртараптануына және тұрақты өсіміне жол ашады.

Жалпы, Асықата кентіндегі шағын өндірістік парк және индустриялық аймақ Жетісай ауданының экономикалық дамуы мен әлеуметтік жағдайын жақсартудағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Бұл жоба тек жаңа өндіріс орындарын ашып қана қоймай, сонымен қатар ауданның индустриялық әлеуетін арттырып, жергілікті халықтың әл-ауқатын көтеруге, кәсіпкерлікті дамытуға және өңірге тартылатын инвестиция көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Осындай жүйелі жобалар арқылы Түркістан облысы экономикалық дамудағы серпінді өңірлердің қатарынан көрініп, елдің индустриялық қуатын арттыруда маңызды үлес қосуда.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close