ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА КӨКТЕРЕК КЕНТІНДЕГІ КӘРІЗ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ЖАН-ЖАҚТЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ
Түркістан облысында инженерлік инфрақұрылымды дамыту, елді мекендерді сапалы коммуналдық қызметпен қамту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Бұл ретте облыс орталығынан шалғай орналасқан кенттер мен ауылдардағы кәріз жүйесін жаңғырту мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің кеңесшісі Ержігіт Шәріпбекұлы Сарыағаш ауданына арнайы іссапармен барып, Көктерек кентінде салынып жатқан кәріз жүйесінің құрылыс барысын және жобаның өзекті мәселелерін талқылауға арналған жиынға қатысты.
Аталған жиынға Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, Көктерек ауылдық округінің әкімі Үміт Тұржанова, аудандық мәслихат депутаты Қылышбек Әділбеков, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Серік Қарақұлов, сондай-ақ мердігер ұйым – «Сарыағаш-Аман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері қатысты. Кездесу барысында жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстар, құрылыс кестесінің сақталуы, қаржыландыру мен техникалық талаптардың орындалуы егжей-тегжейлі қаралды.
Жиында сөз алған облыс әкімінің кеңесшісі Ержігіт Шәріпбекұлы кәріз жүйесінің Көктерек кенті тұрғындары үшін маңыздылығына тоқталып, бұл нысанның халықтың тұрмыс сапасын арттырудағы рөлін атап өтті. Оның айтуынша, кәріз жүйесі – тек инженерлік құрылым ғана емес, ол санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, экологиялық жағдайды жақсартатын және елді мекеннің тұрақты дамуына негіз болатын маңызды инфрақұрылым. Сондықтан құрылыс жұмыстары белгіленген талаптарға сай, сапалы әрі уақытында аяқталуы тиіс.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев өз кезегінде аудан көлемінде коммуналдық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жоспарлармен бөлісіп, Көктерек кентіндегі кәріз жүйесі сол ауқымды жұмыстардың бір бөлігі екенін жеткізді. Ол жобаның аудан халқы үшін әлеуметтік маңызы зор екенін айтып, жергілікті атқарушы органдар тарапынан қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сонымен қатар, құрылыс барысындағы туындауы мүмкін мәселелерді жедел шешу үшін барлық жауапты мекемелермен тығыз байланыс орнатылғанын айтты.
Кеңестен кейін облыс әкімінің кеңесшісі Ержігіт Шәріпбекұлы және жиынға қатысушылар Көктерек кентіндегі кәріз жүйесінің құрылыс алаңына барып, нақты атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Құрылыс нысанында мердігер мекеме өкілдері атқарылған жұмыстар туралы баяндап, алдағы кезеңдерге жоспарланған міндеттерді таныстырды.
Бүгінде құрылыс жобасына сәйкес кәріз жүйесінің негізгі инфрақұрылымдық элементтері кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 6036 метрді құрайтын құбыр желісі толықтай төселіп, инженерлік талаптарға сай орнатылған. Сонымен қатар, сарқынды суларды тасымалдау мен жүйелі айналымын қамтамасыз ету мақсатында 1 дана сорғы станциясы және 3 дана сарқынды су қабылдайтын камера орнатылған. Бұл құрылғылар кәріз жүйесінің үздіксіз әрі тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Одан бөлек, жобада қарастырылған 4 дана резервуардың бетондау жұмыстары толық аяқталған. Бұл резервуарлар сарқынды суды уақытша жинақтап, жүйенің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге арналған. Құрылыс нысанының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аумағы толықтай 455 метрлік қоршаумен қоршалған. Сонымен қатар, төтенше жағдайлардың алдын алу үшін 2 дана өрт сөндіру резервуары орнатылған.
Жобаны іске асыру барысында экологиялық және санитарлық талаптардың қатаң сақталуына ерекше мән берілуде. Кәріз жүйесінің іске қосылуы Көктерек кентіндегі тұрмыстық қалдық суларды реттеуге, қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға және тұрғындардың санитарлық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жұқпалы аурулардың алдын алуға, ауыз судың ластану қаупін төмендетуге және жалпы экологиялық ахуалды тұрақтандыруға оң әсерін тигізеді.
Айта кету керек, Сарыағаш ауданы – халқы тығыз орналасқан, қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Осыған байланысты кәріз жүйесін жаңғырту және жаңадан салу мәселесі аудан үшін аса өзекті. Көктерек кентіндегі бұл жоба алдағы уақытта ауданның өзге де елді мекендерінде жүзеге асырылатын ұқсас инфрақұрылымдық жобаларға үлгі болмақ.
Жалпы алғанда, Көктерек кентіндегі кәріз жүйесінің құрылысы – Түркістан облысында коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жүйелі саясаттың нақты көрінісі. Облыс басшылығы тарапынан көрсетіліп жатқан бақылау мен қолдау, жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді жұмысы және мердігер ұйымның жауапкершілігі нәтижесінде бұл нысан белгіленген мерзімде және сапалы түрде пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл өз кезегінде Көктерек кенті тұрғындарының өмір сапасын арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін бермек.



