ГЕНЕРАЛ-МАЙОР АРЫСТАНҒАНИ ЗАППАРОВ ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖУРНАЛИСТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ
Түркістан облысы Полиция департаментінің басшысы, генерал-майор Арыстанғани Заппаров журналистер кездесті.

Кездесудің мақсаты – өңірге жаңадан келген бас полицейдің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен танысып, пікір алмасуы және алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеу бағыттарын талқылау болды.
Еркін форматта өткен жиын барысында полиция мен журналистер арасындағы өзара байланыс, қоғамға ақпарат тарату мәселелері және өңірдегі құқықтық тәртіпке қатысты өзекті тақырыптар қозғалды. Кездесу барысында қатысушылар ашық пікір алмасып, түрлі ұсыныстар айтып, ойларымен бөлісті. Мұндай басқосулар құқық қорғау органдары мен ақпарат құралдары арасындағы байланысты нығайтып, қоғамға нақты әрі жедел ақпарат жеткізуге мүмкіндік беретіні айтылды.
Кездесуге Shyndyq.kz ақпараттық порталының бас редакторы, журналист Айгерім Айтаханова қатысты. Шара барысында ол сөз сөйлеп, генерал-майор Арыстанғани Заппаровты жаңа қызметімен құттықтап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар өңірдегі қоғамдық қауіпсіздік пен ақпараттық ашықтық мәселесіне қатысты бірнеше ұсынысын ортаға салды.
Айгерім Есболатқызы өз сөзінде полиция мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы өзара байланыстың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, кей жағдайда тергеу құпиялығына байланысты ақпарат кеш жарияланған кезде әлеуметтік желілерде түрлі жалған мәліметтер тарап кетуі мүмкін. Бұл қоғамда түсінбеушілік тудырып, негізсіз қауесеттердің таралуына жол ашады. Сондықтан тергеу талаптарын сақтай отырып, қоғамға қажетті ақпаратты мүмкіндігінше жедел әрі нақты жеткізу маңызды екенін атап өтті.
Сонымен қатар ол соңғы уақытта интернет алаяқтықтың көбейіп бара жатқанын айтып, бұл бағытта ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейтудің қажеттігін жеткізді. Осыған байланысты аптасына бір рет ауыр, аса ауыр және орташа қылмыстар бойынша полиция өкілдерінің қатысуымен ақпараттық сұхбаттар немесе брифингтер өткізіп тұруды ұсынды. Оның пікірінше, мұндай тұрақты ақпараттық жұмыс халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, қылмыстың алдын алуға да ықпал етеді.
Кездесу барысында өзге журналистер де бірқатар ұсыныстар айтып, полиция мен бұқаралық ақпарат құралдарының өзара іс-қимылын жетілдіру мәселесін көтерді. Қатысушылар қоғамдағы маңызды тақырыптар бойынша бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті.
Кездесу соңында Арыстанғани Заппаров айтылған ұсыныстардың барлығы назарға алынатынын айтып, алдағы уақытта журналистермен тығыз байланыста жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.



