Без рубрики

КЕНТАУ ҚАЛАСЫНДА ЗАМАНАУИ ЕКІ ЗАУЫТ АШЫЛДЫ

Түркістан облысының өндірістік әлеуетін арттыру және өңір экономикасын әртараптандыру бағытындағы жұмыстар өз нәтижесін беруде.

Соның айқын дәлелі ретінде Кентау қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында екі жаңа өндіріс орнының ашылуын атап өтуге болады. «Kentau Cable Industries» компаниялар тобы жүзеге асырған жобалар өңірдің индустриялық дамуына тың серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік жасап отыр.

Салтанатты рәсім барысында жоғары жылдамдықты интернет желілеріне арналған оптикалық кабель өндіретін «Kentau Cable Industries» зауыты мен электр құрал-жабдықтарына арналған металл шкафтарын шығаратын «ElectroCore» зауыты ресми түрде іске қосылды. Бұл кәсіпорындардың пайдалануға берілуі Кентау қаласының өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, отандық өнім өндірісін ұлғайтуға және импортқа тәуелділікті азайтуға ықпал етеді.

Зауыттардың ашылу салтанатына қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жаңа өндіріс орындарының өңір экономикасы үшін маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өндірісті дамыту, жаңа технологияларды енгізу, шикізатқа тәуелділікті азайтып, терең өңдеу саласын дамыту және халықты тұрақты жұмыспен қамту жөнінде нақты міндеттер жүктеген болатын. Кентауда іске қосылған қос зауыт осы тапсырмалардың нақты жүзеге асып жатқанын көрсетеді.

Облыс әкімінің айтуынша, екі кәсіпорында жалпы саны 200-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл өз кезегінде өңірдегі жұмыспен қамту деңгейін арттыруға және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізеді.

«Кентау бұрыннан өндірістің қаласы ретінде танылған. Бүгінде қала өзінің тарихи өндірістік әлеуетін қайта қалпына келтіріп келеді. Жаңа серпін мен жаңа тыныс ашылды», – деді Нұралхан Көшеров.

Жаңа өндіріс орындарының бірі – «Kentau Cable Industries» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Кәсіпорын жоғары жылдамдықты интернет желілеріне арналған заманауи оптикалық кабельдер шығарады. Жобаның жалпы құны 1,7 миллиард теңгені құрайды. Зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 33 мың шақырым оптикалық кабель және 12 мың шақырым микротүтік пакеттерін өндіруге мүмкіндік береді.

Бұл өндіріс орны еліміздің телекоммуникация саласын дамытуға және цифрлық инфрақұрылымды жетілдіруге маңызды үлес қоспақ. Сонымен қатар, кәсіпорын өнімдері ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, болашақта экспорттық нарыққа шығуға мүмкіндік береді.

Зауытта жүзге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мұнда кабель өнімдерін шығарудың толық өндірістік циклі жолға қойылған. Өндіріс бағдарламалық басқару жүйесімен жабдықталған автоматтандырылған желілерде жүзеге асырылады. Кәсіпорында қолданылатын жабдықтардың компоненттік базасы Siemens, Bosch, ADVANTECH және Panasonic секілді әлемдік жетекші өндірушілердің технологияларына негізделген. Бұл өндірілетін өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Кентауда іске қосылған екінші кәсіпорын – «ElectroCore» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл зауыт электр құрал-жабдықтарына арналған металл шкафтарын өндіруге маманданған. Жобаны жүзеге асыруға 1,5 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған.

Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 12 мың дана өнім шығаруға жетеді. Мұнда да шамамен 100 жаңа жұмыс орны ашылып отыр. Бұл өндіріс энергетика және электр техникалары саласындағы отандық өнім көлемін арттыруға және импорт алмастыру саясатын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

«Kentau Cable Industries» және «ElectroCore» серіктестіктерінің директоры Асқар Баймырзаұлы кәсіпорындардың заманауи технологияларға негізделгенін атап өтті. Оның айтуынша, өндірістердің басты мақсаты – ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар экспорттық әлеуетті арттыру.

Кәсіпорын басшысы алдағы уақытта өндіріс көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту, өнім түрлерін көбейту және қосымша жұмыс орындарын ашу жоспарланып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, жобалардың жүзеге асуына қолдау көрсеткен Мемлекет басшылығына, Түркістан облысы әкімдігіне және серіктестерге алғысын білдірді.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапары барысында Кентау қаласындағы өндірістік паркке арнайы барып, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалармен танысты. Өндірістік парк аумағында өндіріс, ауыл шаруашылығы, туризм және басқа да салалар бойынша жаңа жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.

Бұрынғы өндіріс орындарының ғимараттарын қайта жаңғыртып, заманауи кәсіпорындарға айналдыру жұмыстары да жалғасуда. Бұл қадамдар Кентаудың өндірістік әлеуетін арттырумен қатар, өңір экономикасының тұрақты дамуына жол ашады.

Түркістан облысында инвестиция тарту, жаңа өндірістер ашу және индустриялық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Кентауда іске қосылған жаңа зауыттар өңірдің экономикалық өсіміне үлес қосып қана қоймай, Қазақстанның өнеркәсіптік қуатын нығайтуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет ететін болады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close