БЕЙНЕКАМЕРАЛАР ЗАҢСЫЗ ҚОҚЫС ОРЫНДАРЫН АНЫҚТАУДА
Елімізде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында заңсыз қоқыс орындарын анықтау және олардың алдын алу бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасып жатыр. Бұл іске бейнебақылау жүйелері де тиімді үлес қосуда.

Жыл басынан бері полиция қызметкерлері республика бойынша 1 578 заңсыз қоқыс орнын анықтады. Экологиялық және санитариялық заңнаманы бұзғаны үшін 247 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Анықталған заң бұзушылықтар бойынша уәкілетті органдарға 324 материал жолданды. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарға заңсыз қоқыс орындарын жою туралы 1 035 ұсыныс енгізіліп, соның нәтижесінде 954 заңсыз қоқыс орны жойылды.
Санитариялық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптарды сақтамағаны үшін 407 лауазымды тұлғаға да әкімшілік жаза қолданылды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, мұндай құқық бұзушылықтарды анықтауда бейнебақылау камераларының мүмкіндігі жоғары. Камералар заңсыз қоқыс төгу фактілерін дер кезінде тіркеп, құқық бұзушыларды анықтауға және жедел шара қабылдауға мүмкіндік береді.
Осы мақсатта «Жаппай бейнебақылау» жобасы аясында елді мекендер заманауи бейнебақылау жүйелерімен кезең-кезеңімен жабдықталуда. Бүгінде Қазақстан бойынша 1,7 миллион бейнекамера жұмыс істейді. Оның 621 мыңы жедел басқару орталықтары мен полицияның кезекші бөлімдеріне қосылған.
Мамандардың айтуынша, бейнебақылау желісін кеңейту қоғамдық қауіпсіздікті арттырып қана қоймай, экологиялық құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға, заңсыз қоқыс орындарының пайда болуына жол бермеуге және елді мекендердің тазалығын сақтауға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру, интеллектуалды бейнебақылау жүйелерін дамыту және экологиялық заңнаманы бұзғандарға қатысты жауапкершілікті күшейту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.



