ЕРБАЯН МҰХТАРДЫҢ ӨЛІМІНЕ НЕ СЕБЕП БОЛДЫ: ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ МӘЛІМДЕМЕ ЖАСАДЫ
Ұлттық ұлан қатарында әскери борышын өтеп жүріп ауыр жарақат алған сарбаз Ербаян Мұхтар қайтыс болды. Оның өліміне қатысты ресми ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігі жариялады.

Ведомство мәліметінше, Ербаян Мұхтар полиоргандық жеткіліксіздік синдромынан көз жұмған. Министрлік өкілдерінің айтуынша, 2026 жылдың маусым айында сарбаздың денсаулығы күрт нашарлап, сепсис пен полиоргандық жеткіліксіздік дамыған.
Дәрігерлер науқастың өмірін сақтап қалу үшін ұзақ уақыт бойы қарқынды терапия мен реанимациялық шаралар жүргізген. Алайда оның жағдайы аса ауыр күйінде қалып, барлық медициналық көмектерге қарамастан өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
«2026 жылғы 23 маусымда сағат 21:40-та пациенттің биологиялық өлімі тіркелді. Өлімнің тікелей себебі – полиоргандық жеткіліксіздік синдромы», – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Ербаян Мұхтардың қайтыс болғанын оның отбасының заңгері Инга Иманбай да растады. Сарбаз екі жарым жылға жуық уақыт бойы өмірі үшін күресіп келген еді.
Еске салсақ, қайғылы оқиға 2023 жылдың желтоқсанында Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінің бірінде болған. Сол кезде әскери бөлім басшылығы сарбаздың дәретханада құлап, басын кафельге соғып алғанын мәлімдеген. Алайда марқұмның туыстары бұл нұсқамен келіспей, оқиғаны әскердегі әлімжеттікпен байланыстырған болатын.
Басынан ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтардың жағдайы қоғамда үлкен резонанс туғызып, Қазақстандағы әскери қызмет қауіпсіздігі мәселесін күн тәртібіне шығарған еді.



