САУРАНДА 200 МИЛЛИОН ТЕҢГЕЛІК ӨНДІРІС ЖОБАСЫ БАСТАЛДЫ: ЕҢБЕКШІ ДИҚАНДА БАЛМҰЗДАҚ ӨНДІРЕТІН КӘСІПОРЫН АШЫЛАДЫ
Сауран ауданында кәсіпкерлік саласын дамытуға бағытталған тағы бір маңызды инвестициялық жоба жүзеге аспақ.

Ауданға қарасты Иассы ауылдық округінің Еңбекші Диқан елді мекеніндегі «Дәморда» өндіріс алаңында жалпы құны 200 миллион теңгені құрайтын балмұздақ өндіретін кәсіпорын салу жөнінде келісім жасалды. Жаңа өндіріс орны өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, ауылдық аумақта жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік жасамақ.
Осыған байланысты ЖК «TRK Trade» директоры Жаркынбек Момбеков пен Сауран ауданының кәсіпкерлік бөлімі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат аясында тараптар инвестициялық жобаны тиімді іске асыру, қажетті инфрақұрылымдық қолдау көрсету және ауданның инвестициялық әлеуетін арттыру бағытында бірлесіп жұмыс жүргізуге келісті.
Маңызды іс-шараға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров қатысып, өңірде кәсіпкерлікті дамыту аудан экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі екенін атап өтті. Аудан басшысы жаңа өндіріс орындарының ашылуы халықты тұрақты жұмыспен қамтуға, ауылдық елді мекендердің экономикалық белсенділігін арттыруға және жергілікті өндірісті дамытуға оң ықпал ететінін жеткізді.
– Бүгінде Сауран ауданында инвестиция тарту мен кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Осындай өндірістік жобалар аудан экономикасын әртараптандырып қана қоймай, ауылдық аумақтардың әлеуетін күшейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді, – деді аудан әкімі.
Жоба аясында алдағы уақытта заманауи технологиялармен жабдықталған балмұздақ өндірісі іске қосылады деп жоспарлануда. Кәсіпорында өнім өндірудің жаңа әдістері қолданылып, сапалы әрі бәсекеге қабілетті отандық өнім шығару көзделіп отыр.
Мамандардың айтуынша, мұндай инвестициялық бастамалар Сауран ауданындағы өндіріс көлемін ұлғайтып, өңірдің кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар ауылдық жерлерде өндіріс орындарының көбеюі жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, экономиканың дамуына жаңа серпін бермек.
Жалпы, Сауран ауданында жүзеге асырылып жатқан жаңа инвестициялық жобалар өңірдің өндірістік мүмкіндігін кеңейтіп, кәсіпкерлік саласының қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.



