«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНАН ІСКЕРЛІК КЕҢЕС ҚҰРЫЛДЫ: КӨЛІК-ЛОГИСТИКА САЛАСЫН ДАМЫТУ – БАСТЫ НАЗАРДА
«Әділет» партиясында ірі бизнес өкілдерінің қатысуымен Іскерлік кеңес құрылды. Бұл туралы партия Төрағасы Айбек Дәдебай көлік-логистика саласының мамандарымен өткен маңызды кездесуде мәлімдеді.

Аталған іс-шараға орталық мемлекеттік органдардың басшылары, ірі компаниялар мен салалық бірлестіктердің жетекшілері қатысып, ел экономикасының болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Күн тәртібіндегі негізгі тақырып – Мемлекет басшысы еліміздің экономикалық өсімінің басты бағыттарының бірі ретінде айқындап берген көлік-логистика саласын дамыту мәселелері болды.
Партия жетекшісі Айбек Дәдебай өз сөзінде қуатты бизнес пен мемлекет, кәсіпкерлер және сарапшылар қоғамдастығы тұрақты түрде өзара ықпалдасып отырмаса, экономиканың қарқынды дамуы мүмкін емес екенін ерекше атап өтті.
«Экономиканың тұрақты дамуы – мемлекет пен бизнестің тығыз байланысына тікелей тәуелді», – деді партия Төрағасы.
Осы мақсатта құрылған «Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі алдағы уақытта мемлекет пен кәсіпкерлер арасында ашық диалог құруға және ортақ тиімді шешімдер әзірлеуге арналған тұрақты жұмыс істейтін бірегей алаңға айналмақ.



