Без рубрики

БҮГІННЕН БАСТАП БІРҚАТАР ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАРҒА РАҚЫМШЫЛЫҚ ҚОЛДАНЫЛАДЫ

Бүгіннен, яғни 1 шілдеден бастап, Қазақстанда Конституцияның 30 жылдығына орай рақымшылық жасау туралы заң күшіне енді.

Осыған сәйкес, заңда белгіленген талаптарға сай келетін азаматтарға қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша бірқатар жеңілдіктер қарастырылған.

Заңға сәйкес, қылмыстық теріс қылық жасағандар, онша ауыр емес қылмыс жасағандар, сондай-ақ орташа ауырлықтағы қылмысты алғаш рет жасап, адам өмірі мен денсаулығына ауыр зиян келтірмеген немесе келтірілген залалды толық өтеген азаматтарға амнистия қолданылуы мүмкін. Нәтижесінде олардың бір бөлігі жазасын өтеуден толық босатылса, енді бірінің бас бостандығынан айыру мерзімі қысқартылады. Алдын ала мәліметтер бойынша, рақымшылық мыңдаған адамды қамтиды. Оның ішінде бірқатар сотталғандар түзеу мекемелерінен босатылса, пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға да заң аясында жеңілдіктер беріледі.

Сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша да рақымшылық қарастырылған. Заң аясында азаматтардың, жеке кәсіпкерлердің, нотариустардың, адвокаттардың және жеке сот орындаушыларының 2026 жылғы 17 наурызға дейін жасаған бірқатар әкімшілік құқық бұзушылықтары үшін төленбеген айыппұлдары есептен шығарылады. Алайда бұл барлық әкімшілік айыппұлдарға қатысты емес. Рақымшылық тек заңда нақты көрсетілген құқық бұзушылықтарға ғана қолданылады. Көпшілікті толғандырған мәселелердің бірі – соттың шешімімен салынған айыппұлдардың тағдыры. Мамандардың айтуынша, айыппұлдың сот қаулысымен салынуы оның автоматты түрде рақымшылықтан тыс қалатынын білдірмейді. Бұл жерде негізгі өлшем – құқық бұзушылықтың амнистия қарастырылған санатқа жатуы және заң талаптарына сәйкес келуі.

Сонымен бірге заңда рақымшылық қолданылмайтын санаттар да нақты көрсетілген. Атап айтқанда, терроризм, экстремизм, сыбайлас жемқорлық, азаптау, кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыстар, ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар, сондай-ақ аса ауыр және ауыр қылмыстар үшін сотталғандарға амнистия берілмейді. Заң күшіне енгенімен, рақымшылық барлық азаматқа автоматты түрде қолданылмайды. Әрбір іс бойынша құқық қорғау органдары мен соттар заң талаптарына сәйкес жеке құқықтық бағалау жүргізіп, амнистияны қолдану туралы шешім қабылдайды. Осыған байланысты азаматтарға өздерінің амнистияға ілігу-ілікпеуі жөнінде нақты ақпаратты құқық қорғау органдарынан немесе сот актісі негізінде анықтау ұсынылады. Егер құқық бұзушылық заңда көрсетілген санатқа сәйкес келсе және барлық талап орындалса, рақымшылық шаралары қолданылады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close