Без рубрики

САЙРАМ АУДАНЫНДА «АДАЛ АТА –АНА ҚАУІПСІЗ БАЛАЛЫҚ ШАҚ» ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ АЯСЫНДА АУДАНДЫҚ АТА-АНАЛАР ФОРУМЫ ӨТТІ

Сайрам ауданында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бірінші орында тұрады

Олардың  құқықтарын қорғау және жасөспірімдер арасындағы түрлі келеңсіз жағдайлардың  алдын алу бағытындағы  жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.

Осы мақсатта бүгін аудан орталығындағы  Құрманбек  Жандарбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде «Адал ата-ана – қауіпсіз балалық шақ» тұжырымдамасы аясында аудандық ата-аналар форумы  ұйымдастырылды.

Форумның негізгі мақсаты – отбасы мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталады.  Сондай-ақ  ұлттық  құндылықтарды дәріптеу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі ата-ананың маңызды рөлін көрсету.

Сонымен қатар жиын барысында қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі саналатын жасөспірімдер арасындағы аутодеструктивті мінез-құлық пен суицидтің алдын алу жолдарына ерекше назар аударылды.

Іс-шара аясында ата-аналарға арналған танымдық көрме ұйымдастырылып, психологиялық сауаттылықты арттыруға бағытталған ақпараттық материалдар ұсынылды. Көрмеде психологиялық жаттығулар, аффирмациялар, балалармен тиімді қарым-қатынас орнату тәсілдері және ата-аналарға арналған практикалық құралдар таныстырылды. Мамандар бала бойындағы мазасыздық, тұйықталу, күйзеліс белгілерін дер кезінде байқап, оған қолдау көрсетудің маңыздылығын түсіндірді.

Форум барысында отбасы мен бала арасындағы қарым-қатынасқа арналған бейнероликтер көрсетіліп, эмоционалдық қолдау көрсету жолдары кеңінен насихатталды. Психологтардың айтуынша, ата-ананың баламен тұрақты сөйлесуі, оның ішкі жан дүниесіне көңіл бөлуі және сенімді қарым-қатынас орнатуы жасөспірімдердің психологиялық саулығын сақтауда маңызды рөл атқарады. Бұл өз кезегінде түрлі тәуекелдердің, оның ішінде суицидтік мінез-құлықтың алдын алуға ықпал етеді.

Форумға Сайрам ауданынан жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі отбасын қолдау орталығының мамандары мен білім бөлімінің әдіскерлері  қатысты. Сондай-ақ,  мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтер, әлеуметтік педагогтер және ата-аналар өз үлесін қосты.

Форумның ашылуында сөз алған спикерлер бала қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мәселелеріне тоқталып, отбасы институтын нығайтудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ қазіргі таңда балалар мен жасөспірімдердің психологиялық жағдайына әсер ететін факторлар, әлеуметтік желілердің ықпалы, буллинг пен кибербуллингтің зардаптары және олардың салдарын болдырмау жолдары жан-жақты талқыланды.

Сонымен қатар аудандық полиция басқармасы өкілдері құқық бұзушылықтың алдын алу, жол қауіпсіздігі және қоғамдық орындардағы тәртіп мәселелеріне тоқталды. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің мамандары отбасындағы психологиялық ахуалдың бала дамуына әсерін түсіндіріп, қауіпсіз орта қалыптастырудың маңызын жеткізді.

Форумда сөз сөйлеген педагог-психологтер балалардың эмоционалдық қауіпсіздігіне ерекше назар аударды. Олар жасөспірімдердің көңіл-күйіндегі өзгерістерді дер кезінде байқау, күйзеліс жағдайындағы балалармен дұрыс жұмыс жүргізу және қажет болған жағдайда мамандар көмегіне жүгіну қажеттігін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар суицидтің алдын алу шараларымен тікелей байланысты екені айтылды.

Жиын барысында бала қауіпсіздігі, құқықтық мәдениет, интернет қауіпсіздігі, буллингтің алдын алу, отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл, балалардың психологиялық және физикалық денсаулығы мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар пікір алмасып, ата-аналар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.

Форум соңында бала тәрбиесі мен қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған бірқатар бастамалар таныстырылды. Атап айтқанда, аудан көлемінде профилактикалық кездесулер өткізу, ата-аналарға арналған кеңес беру жұмыстарын ұйымдастыру, қоғамдық орындарда түсіндіру шараларын жүргізу және балалардың қауіпсіздігіне қатысты жобаларды іске асыру жоспарланғаны айтылды.

Тәрбилік мағынасы мол іс-шаралар  Сайрам ауданында балалардың құқықтарын қорғау, олардың психологиялық саулығын нығайту және жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу бағытындағы жұмыстарды жетілдіруге мүмкіндік береді. Баланың  қауіпсіз ортада өсуі сіз бен біздің жауапгершілігімізде.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close