Без рубрики

САЙРАМ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ МАДИЯР МҰХТАРҰЛЫ ТҰРҒЫНДАРМЕН АШЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Түркістан облысы Сайрам ауданының әкімі Мадияр Мұхтарұлы Президент тапсырмаларының тұрақты орындалуына ерекше мән береді

Сонымен қатар, жүйелі түрде кездесулер ұйымдастырып отырады. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүйелі түрде орындау және тұрғындармен тұрақты кері байланысты қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың бір көрінісі. Жалпы, осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатын орнықтырудың маңыздылығына ерекше тоқталған болатын. Президент жергілікті атқарушы органдарға тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіп, олардың талап-тілектерін тыңдап, өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешудің негізгі мақсат екенін де айтқан еді.

Осыған орай, Сайрам ауданының әкімі Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты Таскешу ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесу ауыл тұрғындарының ұсынысына сәйкес ұйымдастырылып, елді мекендегі өзекті мәселелер ашық форматта талқыланды. Басқосу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, алдағы уақытта олардың шешімін табады деген үміттерін жеткізді.

Кездесуде, ең алдымен, жаңа құрылыс аумағындағы инженерлік инфрақұрылым мәселесі көтерілді. Ауыл тұрғындары ауыз су мен табиғи газ желілерін тартудың маңызын атап өтті. Қазіргі таңда аталған аумаққа ауыз су және табиғи газ желілерін жүргізуге қатысты қажетті жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатқаны айтылып, жұмыстардың заңнама талаптарына сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылатыны түсіндірілді.

Сонымен қатар, ауыл тұрғындары мал ұрлығының болып тұратынын айтып, осы мәселенің алдын алу шараларын күшейту керектігін жеткізді. Ветеринариялық қызметтің сапасын жақсарту, жайылым жер мәселесін шешу, сондай-ақ мектеп жанынан қосымша үйірмелер ашу жөніндегі ұсыныстарын жеткізді. Бұл мәселелердің барлығы ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан әр мәселеге мән беріліп, жан-жақты талқыланды.

Кездесу барысында көтерілген барлық мәселелер бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бірқатар өзекті мәселелер аудан әкімінің жеке бақылауына алынды. Бөлім басшылары мен сала мамандарына нақты тапсырмалар берілді. Әрбір мәселені заң аясында қарастырып, кезең-кезеңімен шешу жолдарын әзірлеу қажеттігі айтылды.

Мемлекет басшысының халықпен ашық диалог орнату жөніндегі тапсырмасы аясында мұндай кездесулер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл – тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тікелей тыңдап, оларды шешу жолдарын нақтылауға мүмкіндік береді. Ашық форматтағы кездесулер халық пен жергілікті билік арасындағы өзара байланысты арттыра түседі.

Кездесу барысында айтылған барлық ұсыныстар мен өтініштер тиісті сала мамандарының қатысуымен жан-жақты зерделеніп, олардың орындалу барысы тұрақты бақылауда болады, деп аудан әкімі уәде берді. Ауылдың инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және елді мекеннің өзекті мәселелерін жүйелі түрде шешу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Тұрғындардың талап-тілегіне құлақ асып, көтерілген мәселелерге жауапкершілікпен қарау – елдің қамын ойлайтын азаматқа ғана тән қасиет. Ал сол мәселелерді дер кезінде шешу – өзіне сенім артқан халықтың үмітін ақтау.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close