ҚАЗЫҒҰРТТА «TUR WORKOUT – ТӘРТІПКЕ ТАРТЫЛ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ЖАСТАР ТУРНИРІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Қазығұрт ауданында жастарды спортқа баулып, құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «TUR WORKOUT – Тәртіпке тартыл» облыстық жобасының кезекті кезеңі өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен Тәртіп» қағидатын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған бастама Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Жобаны Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығы бірлесіп жүзеге асыруда.
Бастаманың негізгі мақсаты – жас буын арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, заң талаптарын құрметтеу мәдениетін қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру және қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілікті күшейту. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастарды спортқа қызықтырып қана қоймай, түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алуға да оң ықпал етеді.
Іс-шараның ашылуына Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы, экономикалық тергеп-тексеру қызметінің подполковнигі Абай Қадыров, департаменттің аса маңызды істер жөніндегі офицері, экономикалық тергеу қызметінің капитаны Гүлзия Қарсыбай және Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Беркінбай қатысты. Қонақтар қатысушыларға сәттілік тілеп, мұндай жобалардың жастардың жан-жақты дамуына және құқықтық санасының қалыптасуына ерекше үлес қосатынын атап өтті.
Шара барысында жастармен мазмұнды кездесу ұйымдастырылып, құқықтық бағыттағы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мамандар соңғы уақытта жиілеген интернет-алаяқтықтың түрлі тәсілдері, дропперлік әрекеттердің қауіптілігі, банк карталары мен жеке деректерді бөгде адамдардың пайдалануына жол берудің салдары туралы жан-жақты мәлімет берді. Сонымен қатар, күмәнді қаржылық операцияларға қатысудың заң алдындағы жауапкершілігі түсіндіріліп, интернет кеңістігінде жеке мәліметтердің қауіпсіздігін сақтау жөнінде пайдалы кеңестер айтылды.
Түсіндіру жұмыстарынан кейін жастар спорттық сайыстарға қатысып, өзара бақ сынасты. Турнирдің басты мақсаты – қатысушылардың дене дайындығын шыңдап қана қоймай, тәртіпке бағыну, төзімділік, жауапкершілік пен командалық бірлікті нығайту болды. Белсенді өмір салтын ұстанатын жастар өз мүмкіндіктерін көрсетіп, жеңіске деген жігерлерін байқатты.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, спорт пен құқықтық тәрбиені қатар ұштастыратын мұндай жобалар жастар арасында заңға деген құрметті қалыптастырудың тиімді жолдарының бірі саналады. Себебі спорт адамды тәртіпке, табандылыққа және жауапкершілікке үйретсе, құқықтық түсіндіру жұмыстары түрлі заңсыз әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік береді.
«TUR WORKOUT – Тәртіпке тартыл» облыстық жобасы бекітілген жоспарға сәйкес Түркістан облысының барлық аудан-қалаларында кезең-кезеңімен өткізілуде. Әр өңірде үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар шілде айында ұйымдастырылатын облыстық финалға жолдама алады. Финалдық кезеңде жеңімпаздар арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Бұл жоба жастарды бұқаралық спортқа тартумен қатар, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, заң талаптарын сақтаудың маңызын түсіндіруге және қоғамда қауіпсіз әрі жауапты азаматтық ұстанымды нығайтуға бағытталған маңызды әлеуметтік бастамалардың бірі ретінде өз жалғасын табуда. Осындай игі шаралар арқылы жас ұрпақтың бойында тәртіпке бағыну, ел заңын құрметтеу және салауатты өмір салтын ұстану құндылықтары кеңінен дәріптеліп келеді.



