Без рубрики

СОЗАҚТЫҚ ЖАС СПОРТШЫЛАР РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЧЕМПИОНАТТА ТОП ЖАРДЫ

Ел спортының дамуы – ұлт болашағына салынған маңызды инвестициялардың бірі.

Бүгінде мемлекет тарапынан бұқаралық спортты дамытуға, жастарды салауатты өмір салтына баулуға және ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттауға ерекше көңіл бөлінуде. Соның нәтижесінде ауылдық жерлерден шыққан талантты жастар түрлі деңгейдегі жарыстарда топ жарып, туған өлкесінің абыройын асқақтатып келеді. Осындай жеңісті жолды жалғастырып жүрген спортшылардың қатарында Созақ ауданының жас балуандары да бар.

Кентау қаласында КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дәулетбек Байжігітұлын еске алуға арналған белбеу күресінен жасөспірімдер арасындағы республикалық чемпионат өтті. Ұлттық спорттың мәртебесін көтеруге бағытталған бұл дүбірлі дода еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас спортшылардың басын қосты. Жарысқа Астана мен Шымкент қалалары, сондай-ақ Алматы, Түркістан, Қостанай, Ақмола, Ақтөбе, Павлодар, Атырау, Қызылорда және Жетісу облыстарынан жасақталған 11 команда құрамындағы 160-қа жуық спортшы қатысты.

Чемпионат барысында әр өңірдің үздік балуандары өзара күш сынасып, жеңіске деген жігері мен шеберлігін көрсетті. Әр белдесу тартысқа толы өтіп, қатысушылардың дайындық деңгейінің жоғары екенін байқатты. Мұндай жарыстар жас спортшылар үшін тек медаль мен марапатқа қол жеткізетін алаң ғана емес, үлкен тәжірибе жинақтап, кәсіби тұрғыда шыңдалуға мүмкіндік беретін маңызды мектеп саналады.

Аталған республикалық додада Түркістан облысының намысын қорғаған созақтық жас спортшылар жоғары дайындықтарын дәлелдеп, жүлделі орындарға ие болды. «Созақ аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің шәкірттері белбеу күресінің қыр-сырын жетік меңгергендерін көрсетіп, аудан спортындағы жүйелі еңбектің жемісін паш етті. Олардың жеңісі – тек жеке спортшылардың жетістігі ғана емес, бапкерлердің табанды еңбегі мен аудан спорт саласында жүргізіліп жатқан жұмыстардың нақты нәтижесі.

Жарыс қорытындысы бойынша 90 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Олжас Ақылбек барлық қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанды. Оның жеңіске деген жігері, белдесулердегі сенімді қимылы мен тактикалық шеберлігі төрешілер мен жанкүйерлердің жоғары бағасына ие болды. Ол республикалық чемпионаттың алтын медалін иеленіп қана қоймай, алдағы Азия чемпионатына қатысу мүмкіндігін жеңіп алды. Бұл – жас спортшының еңбек жолындағы маңызды белес әрі Созақ спорты үшін үлкен жетістік.

Сонымен қатар 80 келі салмақта күрескен Қәдірбек Жандаулет те жоғары нәтижеге қол жеткізіп, күміс жүлдені қанжығасына байлады. Ол жарыс барысында мықты қарсыластармен кездесіп, өз шеберлігі мен қайсарлығын көрсетті. Ал 50 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Абыл Ерлан қола жүлдеге ие болып, аудан қоржынына тағы бір маңызды марапат салды. Жас спортшылардың бұл жетістігі олардың алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыруына үлкен мотивация береді.

Созақ ауданында спорт саласына көрсетіліп отырған қолдау мен жасөспірімдердің жаттығу жасауына жасалған жағдайлар жылдан-жылға өз нәтижесін беріп келеді. Аудандағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде көптеген талантты спортшылар тәрбиеленіп, аудандық, облыстық және республикалық жарыстарда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуде. Әсіресе ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылықтың артуы – жас буынның ата дәстүрге құрметін арттырып, ұлттық құндылықтарды сақтауға ықпал етеді.

Белбеу күресі – тек күш пен төзімділікті қажет ететін спорт қана емес, ол тәртіпке, сабырлылыққа және қарсыласқа деген құрметке тәрбиелейтін ұлттық мұра. Сондықтан мұндай жарыстардың ұйымдастырылуы жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Республикалық деңгейдегі бәсекеде жоғары нәтиже көрсету – үлкен дайындық пен үздіксіз еңбектің жемісі.

Созақтық жас балуандардың кезекті жеңісі аудан халқы үшін зор қуаныш әрі мақтаныш. Жас спортшылардың табандылығы мен жеңіске деген ұмтылысы олардың болашақта еліміздің көк туын халықаралық ареналарда да биікке көтеретініне сенім ұялатады. Алдағы уақытта да осындай талантты жастардың қатары көбейіп, Созақ ауданының спорттағы жетістіктері еселене береді деген сенім мол.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close