САЙРАМ АУДАНЫНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ІЛГЕРІЛЕТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА
Сайрам ауданында биыл түрлі бағыттағы инвестициялық жобалар іске қосылады.

Мұның бәрі Мемлекет Басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатыр. Осыған орай «Invest Caravan» жобасы аясында Сайрам ауданында инвесторлармен және өндірістік кәсіпорындармен маңызды кездесу өтті. Кездесуге аудан әкімі Мадияр Оразалиев пен аудан прокуроры Бақытжан Тастемірұлы қатысып, өңірдегі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысып шықты.
«Invest Caravan» жобасының негізгі мақсаты – инвесторлармен тікелей байланыс орнату. Олардың қызметіне кедергі келтіретін мәселелерді анықтап, заң аясында жедел шешім шығаруға ықпал ету. Сонымен қатар кәсіпкерлерге қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастырып, жаңа өндірістердің ашылуына қолдау көрсету көзделген.
Жұмыс сапары барысында аудан басшылығы өңірдегі бірқатар ірі өндіріс орындарын аралады. Атап айтқанда, «TOKESH TECH TURKESTAN» ЖШС, «KAZ ECO MEAT» ЖШС, «NURYM GROUP» ЖШС кәсіпорындарының өндірістік қызметімен танысып, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың қазіргі жай-күйін жан-жақты талқылады.
Кәсіпорындарда өндіріс процесі, заманауи технологияларды енгізудің маңыздылығы қозғалды. Өнім көлемін ұлғайту үшін қандай шаралар қолға алынуы тиіс екендігі де талқыланды. Жалпы жеке кәсіпкерлер экспорттық әлеуетті арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарын таныстырды. Сонымен бірге кәсіпкерлер келген қонақтармен өндірістің тұрақты дамуына қажетті инфрақұрылым, инженерлік желілер, логистика және мемлекеттік қолдау тетіктері жөнінде пікір алмасты.
Кездесу барысында инвесторлар өз кәсіпорындарының қызметі туралы баяндап, өндірісті кеңейтуге қатысты жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ кәсіпкерлік қызмет барысында кездесетін бірқатар өзекті мәселелерді көтеріп, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жетілдіруге қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Аудан басшылығы әрбір ұсыныс пен мәселе назардан тыс қалмайтынын атап өтіп, заң талаптарына сәйкес шешу жолдары қарастырылатынын айтты. Инвестициялық жобаларды уақытылы жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы тиімді байланыс ерекше маңызға ие екені де айтылып өтті.
Бүгінде Сайрам ауданында инвестиция тартаудан алда келеді. Олардың басым бөлігі 2026 жылы іске қосылады деп күтіліп отыр. Жалпы жаңа өндіріс орындарының ашылуы аудан экономикасының нығаюына, өнеркәсіп көлемінің артуына , тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына оң әсерін береді.
Әсіресе өндіріс саласына тартылған инвестициялар жаңа жұмыс орындарын құруға, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтылуына өз үлесін қосады. Сонымен қатар инвестиция бюджетке түсетін салық көлемін ұлғайтуға және шағын әрі орта бизнестің дамуына мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, кәсіпкерлік ортаның одан әрі дамуына жол ашады.
Кездесу барысында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді азайту, рұқсат құжаттарын рәсімдеу, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану мәселелері де кеңінен сөз болды. Инвесторлардың ұсыныстары алдағы уақытта тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп қаралатын болады.
«Invest Caravan» жобасы аясындағы мұндай кездесулер кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалогты нығайтып, инвестициялық жобалардың табысты іске асуына ықпал етеді. Бұл бастама өңірге жаңа инвесторларды тартуға, қолданыстағы кәсіпорындардың әлеуетін арттыруға және өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сайрам ауданында инвестициялық жобаларды қолдау және кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Аудан басшылығы әр бір инвестормен тығыз байланыс орнатып, олардың әр бастамасына қолдау білдіретінін айтты.



