Без рубрики

САЙРАМ АУДАНЫНДА ҚАУІПСІЗДІКТІ КҮШЕЙТУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖАЛҒАСУДА

Түркістан облысы Сайрам ауданында тұрғындардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған жұмыстар қолға алынды. Осыған орай ауданда арнайы жиын өтті.

Жиынға аудан әкімі Мадияр Мұхтарұлы Оразалиев, аудандық полиция басқармасының бастығы Еркеғали Мейірбеков, сондай-ақ ауылдық округ әкімдері мен жауапты бөлім басшылары қатысты.

Жиында аудан аумағындағы бейнебақылау жүйесінің қазіргі жай-күйі туралы сөз болды. Онда камералардың дұрыс жұмыс жасауы сараланды. Шенеуніктер бас қосқан жиында аудандық және облыстық маңызы бар көшелердегі камералардың тиімділігі мен қамту деңгейі жан-жақты талқыланды. Бұл бағыттағы жұмыстарға көңіл бөлетін жайттар да бар. Өйткені көшелерде орнатылған бейнебақылау камералары жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алуда маңызды рөл ойнайды.

Осыған орай, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 2026 жылы Сайрам ауданында 80 дана «Сергек» жүйесінің камерасын және 560 дана бейнебақылау камерасын орнату жоспарланып отыр. Аталған жоба қауіпсіздік деңгейін арттырып, қоғамдық тәртіпті бақылауды жүйелеуге үлкен мүмкіндік береді деп жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта камераларды орнату орындары аудандық полиция басқармасы мен ауылдық округ әкімдіктерімен бірлесіп нақтылануда.

Заманауи бейнебақылау жүйелері бүгінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ең тиімді құралдарының біріне айналып отыр. Интеллектуалды камералар тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеп, құқықбұзушылықтарды дер кезінде анықтауға, жол қозғалысын бақылауға және төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұндай жүйелер құқық қорғау органдарының жұмысын жеңілдетіп, қылмыстарды ашу көрсеткішін арттыруға оң ықпал етеді.

«Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені жол қозғалысы ережелерінің сақталуын автоматты түрде бақылайды. Жүйе жылдамдықты асыру, қарсы жолаққа шығу, қызыл шамға өту, тоқтау және тұрақ ережелерін бұзу сияқты заңбұзушылықтарды тіркей алады. Бұл өз кезегінде жол-көлік оқиғаларының санын азайтып, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.

 

Ал жалпы бейнебақылау камералары халық көп шоғырланатын орындарда, әлеуметтік нысандардың маңында, саябақтарда, көшелерде және жол қиылыстарында орнатылады. Олар қоғамдық тәртіпті бақылап қана қоймай, жоғалған адамдарды іздестіруге, күдікті әрекеттерді анықтауға және түрлі құқықбұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Мұндай жүйелер тұрғындардың қауіпсіздікке деген сенімін нығайтып, құқық қорғау органдарының жедел әрекет ету уақытын қысқартуға септігін тигізеді.

Жиын барысында аудан әкімі жауапты мекеме басшыларына жобаны сапалы әрі белгіленген мерзімде іске асыру қажеттігін айтып, нақты тапсырмалар берді. Камералардың орналасу орындарын анықтау кезінде жол қозғалысының қарқындылығы, тұрғындардың ұсыныстары және криминогендік жағдай ескерілетіні айтылды. Сонымен қатар, барлық құрылғылардың үздіксіз жұмыс істеуі мен техникалық қызмет көрсету мәселелері де назардан тыс қалмауы керектігін айтып, ескерту жасады.

Сайрам ауданында қолға алынған бұл бастама өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды жобалардың бірі саналады. Әрі тұрғындардың өмірі мен мүлкінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқықбұзушылықтың алдын алуда да маңызды рөл атқарады. Камералардың орнатылуы қылмыс санын азайтады деген үміт те жоқ емес.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close