Без рубрики

ҚАЗЫҒҰРТТА ӨНЕР АДАМДАРЫ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

16 наурыз – Мәдениет және салт-дәстүр күніне орай аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен Рабат ауылдық Мәдениет үйінде Ұлттық құндылықтар қылқаламда атты тағылымды кездесу кеші өтті.

Ұлттық мәдениетті дәріптеу, төл өнердің қадірін арттыру және жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды сіңіруді мақсат еткен шараға өнер мен әдебиет саласының танымал өкілдері, кітап сүйер қауым, жастар мен ауыл тұрғындары қатысты.

Кештің басты қонағы – жергілікті суретші-мүсінші, Қазақстанның мәдениет қайраткері Қосуақов Құралбек Арынұлы болды. Өнер иесі көпшілікпен еркін пікір алмасып, өзінің шығармашылық жолы, суретшілік пен мүсіншілікке келуі, осы салада жинаған тәжірибесі және ұлттық мұраны шығармалары арқылы насихаттаудың маңызы жайында кеңінен әңгімеледі. Ол әрбір туындының артында халқымыздың тарихы, дүниетанымы мен рухани болмысы жатқанын айтып, ұлттық өнерді сақтау – бүгінгі буынның ғана емес, келешек ұрпақ алдындағы маңызды міндет екенін ерекше атап өтті.

Кездесуге арнайы шақырылған Қызылорда облысы Суретшілер одағының төрағасы, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Сағынбаев Темірбек те өз ойын ортаға салып, бейнелеу өнерінің қоғамдағы орны мен ұлттық мәдениетті жаңғыртудағы рөлі туралы әсерлі пікір білдірді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, Алтынсарин төсбелгісінің иегері, педагогика саласының үздігі Кененбаев Дархан өнер мен білімнің егіз ұғым екенін айтып, жастардың шығармашылыққа қызығушылығы артып келе жатқанын тілге тиек етті. Ал Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, ақын Бекзат Рүстем ұлттық рухты сақтауда әдебиет пен өнердің маңызына тоқталып, рухани құндылықтардың қоғамдағы орны жайында мазмұнды ойларын жеткізді.

Шара барысында қонақтар жастармен ашық әңгімелесіп, ұлттық болмысты сақтаудың, ата-баба мұрасын қадірлеудің және мәдени құндылықтарды келер ұрпаққа аманат етудің маңыздылығын кеңінен сөз етті. Кешке жиналған жастар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, өнер адамдарының өмірлік тәжірибесі мен шығармашылық жолынан тағылымды жауаптар алды. Осындай еркін форматтағы сұхбат қатысушылардың қызығушылығын арттырып, кездесудің мазмұнын одан әрі байыта түсті.

Іс-шара аясында Қосуақов Құралбек Арынұлының өмір жолы мен шығармашылық еңбегіне арналған арнайы бейнеролик көрсетілді. Онда суретшінің әр жылдары салған еңбектері, мүсін өнеріндегі ізденістері мен жетістіктері көрермен назарына ұсынылды. Бейнеролик өнер иесінің шығармашылық әлемін тереңірек танып-білуге мүмкіндік беріп, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.

Кештің көркемдік бөлімі де мазмұнды ұйымдастырылды. Оқырмандар ұлттық нақыштағы күйлер орындап, қазақтың әсем билерін биледі. Домбыраның күмбірлеген үні мен ұлттық би көріністері кештің сәнін келтіріп, халқымыздың бай мәдени мұрасын дәріптейтін ерекше атмосфера қалыптастырды. Өнерпаз жастардың өнері көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, ұлттық өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте айқын көрсетті.

Сонымен қатар шара барысында Ұлттық құндылық – ұрпаққа үлгі атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге қазақ халқының тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы мен рухани мұрасы туралы құнды әдебиеттер қойылып, оқырмандарға кеңінен таныстырылды. Кітапхана қызметкерлері әрбір еңбектің мазмұнына тоқталып, ұлттық құндылықтарды танып-білуде кітаптың орны ерекше екенін атап өтті. Көрме жастардың тарихи танымын кеңейтіп, туған елдің мәдени мұрасына деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті.

Осындай мазмұнды басқосу ұлттық мәдениет пен төл өнерді насихаттаудың жарқын үлгісіне айналды. Кездесу барысында айтылған тағылымды ойлар мен әсерлі әңгімелер қатысушылардың жүрегінен орын тауып, олардың рухани дүниесін байыта түсті. Бұл кеш өнер адамдары мен жастар арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, мәдени мұраны бағалауға және оны болашақ ұрпаққа жеткізуге үндейтін маңызды рухани алаң болды.

Мәдениет пен салт-дәстүрді ұлықтауға арналған мұндай тағылымды шаралар ұлттық болмысымызды сақтауға, рухани сабақтастықты жалғастыруға және жас ұрпақтың туған елдің тарихы мен мәдениетіне деген сүйіспеншілігін арттыруға зор үлес қосары сөзсіз.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close