Без рубрики

«ХАЛЫҚТЫҢ СУ МӘСЕЛЕСІНЕ СЫЛТАУ ЖҮРМЕЙДІ»: МАҢҒЫСТАУ ӘКІМІ ЖАУАПТЫ МАМАНДАРДЫ ҚАТАҢ СЫНҒА АЛДЫ

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңір тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты жауапты мекеме басшылары мен сала мамандарына қатаң ескерту жасады.

Өңірдегі ауыз су жағдайын талқылауға арналған кеңейтілген жиында облыс әкімі жаз мезгілінде тұрғындар мұндай қиындыққа тап болмауы керектігін айтып, жауапты қызметкерлердің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді.

Әкімнің айтуынша, су мәселесі алдын ала жоспарланып, тиісті шаралар уақытылы атқарылуы тиіс еді. Алайда кейбір жауапты мамандар нақты шешім ұсынудың орнына түрлі себептер мен сылтаулар келтіруде.

«Негізінде жазда мұндай мәселе болмауы керек еді. «Былай істеуіміз керек еді, беруіміз керек еді» деген сылтауларды естіп отырмыз. Не істеп отырсыздар? Бұл сөздерді халықтың алдына барып айтып көріңіздер. Осы үстел басында Маңғыстаудың ауыз суына жауапты барлық мамандар отыр», – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Облыс басшысы тұрғындардың күнделікті тұрмысында аса маңызды орын алатын ауыз су мәселесіне немқұрайлы қарауға болмайтынын атап өтті. Оның пікірінше, халықтың сенімін ақтау үшін жауапты мамандар нақты нәтижеге жұмыс істеуі керек.

«Не сендердің жандарың ашымайды, немесе бастарың істемейді. Екеуінің біреуі. Басқа айтарым жоқ», – деп әкім сала қызметкерлерінің жұмысына наразылығын білдірді.

Жиын барысында ауыз сумен қамтудағы өзекті мәселелерді жедел шешу, апатты жағдайлардың алдын алу және тұрғындарға тұрақты әрі сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар берілді.

Маңғыстау облысы үшін ауыз су мәселесі – стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі. Сондықтан өңір басшысы жауапты құрылымдардан тек есеп беруді емес, нақты нәтижемен жұмыс істеуді талап етті.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close