ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫНА ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛДЫ: ОСК КҮНТІЗБЕЛІК ЖОСПАРДЫ БЕКІТТІ
Елімізде Құрылтай сайлауына дайындық ресми түрде басталды. Орталық сайлау комиссиясының алғашқы отырысында сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге арналған күнтізбелік жоспар бекітілді.

ОСК мәліметінше, дауыс беру күні республика бойынша 10 мың 500-ге жуық сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сондай-ақ шетелдегі қазақстандықтар үшін 64 мемлекетте 82 сайлау учаскесі ашылады.
Партиялық тізімдерді ұсыну 2–13 шілде аралығында жүзеге асырылады. Үміткерлерді тіркеу 23 шілдеге дейін жалғасады. Сол күні сағат 18:01-де сайлауалды үгіт-насихат кезеңі басталып, 22 тамыз сағат 00:00-ге дейін жалғасады. Ал 22 тамыз – тыныштық күні.
11 шілдеден бастап аумақтық сайлау комиссияларының құрамы мен олардың орналасқан жері туралы ақпарат жарияланады. Ал 7 тамыздан бастап азаматтар өздерінің сайлаушылар тізімінде бар-жоғын тексере алады.
Қазіргі таңда сайлаушылар тізіміне тұрақты тіркеуі бар 12 миллион 561 мың 644 азамат енгізілген. Сайлауды ұйымдастыруға аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының 71 мыңнан астам мүшесі тартылады.
Азаматтар өздерінің сайлаушылар тізіміндегі мәліметтерін онлайн сервистер арқылы немесе жергілікті әкімдіктердің колл-орталықтарына хабарласу арқылы тексере алады.



