Қоғам

ҚАНДАЙ АДАМДАР ОТБАСЫЛЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ ҚҰРБАНЫ БОЛАДЫ?

Жауап берушілердің білім деңгейіне қатысты пікір айырмашылығы көп емес. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар респонденттер (45,6 %) көп жағдайда әйелдер зорлық құрбандары болады десе, орта және арнайы орта білімі бар респонденттер әйелдермен қатар балалары да (47,8 %) зорлықтан көп зардап шегеді деген пікірді қолдайды.

Сауалнама нәтижесі ауыл тұрғындарының 49,7 %, қала тұрғындарының 39,9% көп жағдайда әйелдер зорлықтың құрбаны болады деп санайтынын көрсетті. Әйтсе де ауылдықтардың 3,3 %, қалалықтардың 2,6% пікірінше ер адамдар жиі зорлық құрбандарына айналады.

Сіздің ойыңызша зорлық- зомбылықтың қандай түрлері кең тараған?

Сауалнамаға қатысушылар зорлық-зомбылықтың басты құрбандары әдетте әйелдер мен олардың балалары деген пікірде. Респонденттердің 13,3 % зорлық-зомбылық көбінесе тек балаларға көрсетіледі деп ойлайды. Ерлердің зорлыққа ұшырау мүмкіндігі қазірге дейін жоққа шығарылады, тек 2,8 % ондай жағдай ер адамдардың да басында бар екенін алға тартады. Аймақтар бойынша көзқарастар арасында аздаған айырмашылықтар бар. Мәселен, Орал (66%) және Павлодар (49,7 %) қалалары көбінесе әйелдер зорлықтың құрбаны болады десе, басқа қалалардан қатысушылар әйелдермен қоса олардың балалары да зардап шегеді деген пікірде. Басқа өңірлерге қарағанда Семей қаласынан қатысқан респонденттер зорлық- зомбылыққа ерлер де ұшырайды деген ойда (10,8%). Сауалнамаға қатысқан әйелдердің көбісі зорлық-зомбылыққа әйелдер көп ұшырайды десе (45,6 %), ерлер қауымы әйелдер мен олардың балалары бірдей деңгейде ұшырайды деп біледі (49,5 %). 18 — 30 жас аралығындағы респонденттердің 5,2 %, 60 және одан жоғары жастағы респонденттердің 3,7 % ерлерде де зорлық көру проблемасы бар деп бағалады.

Жауап берушілердің көпшілігінің ойынша зорлық-зомбылықтың кең тараған түрлері денелей (66,5 %), психологиялық (57,7 %) және сексуалдық жәбірлеу (45,9 %) болып табылады. Тек 19,8 % экономикалық жәбірлеуді атап көрсетті. Аймақтар бойынша пікірлер арасында біршама айырмашылықтар бар. Мәселен, Астана және Орал тұрғындарының басым бөлігі зорлықтың кең тараған түрі ретінде психологиялық форманы, ал Қарағанды, Алматы, Павлодар, Шымкент, Семей қалалары денелей және сексуалдық жәбірлеуді атап көрсетті. Астана, Шымкент, Семей тұрғындарының 23 % астамы экономикалық зорлық-зомбылықтың да белең алып бара жатқанын айтады.

Сауалнама нәтижелерін респонденттердің жынысына қарай саралау пікірлер арасында көп айырмашылықтың жоқ екендігін көрсетті. Ерлер де, әйелдер де зорлық-зомбылықтың кең тараған түрлері денелей, психологиялық және сексуалдық жәбірлеу екендігін алға тартады. Жауаптарды жас мөлшеріне қарай саралағанда репонденттердің көпшілігі жасына қарамай-ақ денелей, психологиялық және сексуалдық зорлық- зомбылықты атап көрсетті. Респонденттердің білім деңгейіне қарасақ жоғары білімділердің басым бөлігі денелей және психологиялық зорлық көп деген пікірде. Ал орта және арнайы орта білімі барлар психологиялық және сексуалдық зорлыққа қарағанда бірінші орынға денелей жәбірлеуді қояды. Зерттеу нәтижелері бойынша қазақ, орыс және өзге ұлт өкілдерінің басым бөлігі денелей және психологиялық сипаттағы зорлықтың көп екендігін айтады.

Ауыл тұрғындарының ойынша денелей және сексуалдық зорлық кеңінен тараған. Ал қалалықтар денелей жәбірлеумен қатар психологиялық жәбірлеудің де көп тарағанын тілге тиек етеді.

Сіздің ойыңызша педофилия зорлық түріне жата ма?

Зерттеу барысында алынған жауаптарға қарағанда сауалнамаға қатысушылардың 80,1 % педофилдікті зорлықтың бір түріне жатқызады. Ал 12,6 % бұл мәселе туралы ешқашан ойланбаған, 4,4 % педофилдікті ауру деп танып, зорлықтың түріне жатқызуға күмәнданса, 2,7 % зорлықтың түрі емес деген пікірде. Жауаптарды респонденттердің тұрғылықты жерлері бойынша саралау қалалықтардың да (82,1 %), ауылдықтардың да (73,2 %) басым бөлігі педофилдікті зорлықтың бір түрі деп білетінін көрсетеді. Ауыл тұрғындарының 20,8 % ол мәселе туралы мүлде ойланбағандарын жеткізді.

Сіз елдегі педофилия құбылысының өсуін немен байланыстырасыз?

Зерттеу нәтижелері респонденттердің 35,2 % елімізде педофилия құбылысының көбеюін психикасы бұзылған, моральдық қасиеттері төмен адамдар санының өсуімен байланыстыратынын көрсетті. Сауалнамаға қатысушылардың қалған 43,8 % педофилия құбылысының кеңінен таралуына сонымен қатар балаларды қорғау мәселесі бойынша заңнамалардың тиімсіздігі мен ата-ананың бала тәрбиесіне қатысты жауапкершілігінің аздығы әсер етеді деген ойда. Респонденттердің 9,7 % педофилия құбылысының БАҚ-та тым көп айтылып, жарнамалауынан деп білсе, 8,8 % оны батыс мәдениетінің әсерінен көреді.

Қазақстан ТМД елдерінің ішінде 15-19 жастағы қыздар арасындағы жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсауы бойынша жоғары орында. Сіздің ойыңызша мұның себебі зорлық- зомбылықтың кең таралуында деп санауға бола ма?

Сауалнамаға қатысушылардың 35 % жасөспірім қыздар арасында өзіне-өзі қол салудың белең алуының себебі зорлық-зомбылық болып табылады деген пікірмен келіседі. 34 % бұл сұрақтың жауабын білмейтінін айтты. Бұл жайт респонденттер сауалдың мәнін түсінбеді, сондықтан келешекте сауалнама әдістеріне өзгертулер енгізу қажет деген ойға жетелейді. Алынған жауаптар бойынша сауалнамаға қатысқан ерлердің 43,6 % жасөспірімдер суицидін зорлық-зомбылықтың таралуымен байланыстырудың қажеті жоқ деп біледі. Ал сауалнамаға қатысқан әйелдердің 38,4 % зорлық- зомбылықтың таралуы жасөспірімдер арасындағы суицид құбылысының өсуіне тікелей қатысты екендігіне сенімді.

Сауалнама нәтижелері бойынша жас мөлшеріне қатысты пікір айырмашылықтары байқалмады. Респонденттердің білім деңгейі де олардың бұл сұраққа берген жауаптарына әсер еткен жоқ. Этникалық деңгейде де, тұрғылықты жер бойынша да бұл сұраққа берілген жауаптардан айта қоярлықтай пікір айырмашылықтарын көрмедік.

Сіздің ойыңызша зорлық- зомбылықтың қандай салдары болуы мүмкін?

Респонденттердің 29 % зорлық-зомбылық адамға көбінесе психологиялық зақым әкеледі деген пікірді қолдаса, 22 % жиі кездесетін салдардың бірі – адамдардың өзіне-өзі қол салуының өсуі деп санайды. 18% моральдық зақымды, 13 % отбасының бұзылуын, 5 % экономикалық залалды атап көрсетті. Жауаптарды аймақтар деңгейінде саралағанда Астана, Алматы, Павлодар, Орал, Шымкент, Қарағанды тұрғындарының басым бөлігі зорлық-зомбылықтың басты салдары ретінде психологиялық зақым мен зорлық құрбандарының арасында өзіне-өзі қол салу өседі деген пікірді білдірді. Жауаптарды жыныстық белгілер бойынша саралау бұл сұрақ бойынша пікірлерде айта қоярлықтай айырмашылықтың жоқ екендігін көрсетті. Тек ер адамдардың 19 % зорлық-зомбылықтың салдарынан     экономикалық           зиян туындайтындығын тілге тиек етті. Жас мөлшеріне қарай респонденттердің көпшілігі бастан кешкен зорлық-зомбылық оның құрбандарының психологиялық зақымға ұшырауына, өз-өзіне қол салуының артуына және моральдық зақымға әкеліп соғады деген ойды қолдайды. Жоғары білімді респонденттер де, орта және арнайы орта білімді респонденттер де зорлық көрудің ең жағымсыз салдары ретінде психологиялық зақымды, жәбірленушілер арасында өзін-өзі өлтірушілер санының өсуін және моральдық зақымды атап көрсетті.

Сіздің ойыңызша зорлық- зомбылықпен кім және қалай күресуі керек?

Сауалнамаға қатысушылардың 39 % зорлық- зомбылықпен мемлекет, 28 % полиция, 22 % азаматтық қоғам күресуге тиіс десе, 11 % бұл проблеманы адамның өзі шешуі керек деп санайды. Берілген жауаптарды тұрғылықты аймақтар бойынша қарастырғанда сауалнамаға қатысқан жандардың көпішілігінің ең алдымен мемлекетке, екіншіде полицияға, үшіншіде азаматтық қоғамға үміт артатындығын көрдік. Ерлер (79 %) мен әйелдердің көбі (76,6 %) зорлық-зомбылықпен мемлекет күресуге тиіс деген пікірде болса, 57,7 % әйелдер, 52,1 % ерлер бұл іспен полиция айналысуға тиіс деп санайды. Барлық жас өкілдері бұл проблемада мемлекет пен полицияның көмегіне үміт артады. Жоғары білімділер де, орта және арнайы орта білімділер де «мемлекет» — 78,5 % және 76 %; «полиция» — 57,5 % және 54,4 % деген жауап нұсқаларын таңдады. Этникалық деңгейде жауаптардың бөлісі тура алдыңғы белгі бойынша жағдайға ұқсас болды. Қала тұрғындары да, ауыл тұрғындары да (78,1 %, 75,3 %) зорлық-зомбылықпен күресте мемлекетті жауапты деп біледі. Ауылдықтардың 57,2 %, қалалықтардың 55,1 % полицияны атап көрсетті.

Сіз зорлық-зомбылық құрбандарын қорғаудағы полиция жұмысын тиімді деп санайсыз ба?

Зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау жолындағы полиция жұмысының тиімді екендігіне сауалнамаға қатысушылардың 36 % сенімсіз болса, 26 % бұл мәселе жөнінде ойланбаған, 22 % полиция тарапынан дұрыс жұмыстар жүргізілмейді, 16 % полиция жұмысы нәтижелі деген пікірде. Ерлердің де (31,8 %), әйелдердің де (39,1 %) көпшілігі жәбірленушілерді қорғаудағы полицияның нәтижелі қызметіне сенбейді. Ерлердің 36,9 % бұл мәселе жөнінде ойланбаған. 60 және одан жоғары    жастағылардың    39,3%, 31 — 45 жастағылардың 39,5 %, 46 —  59 жастағылардың 36,6 %, 18 — 30 жастағылардың 32,9 % жәбірленушілерді қорғаудағы полиция қызметінің тиімді екендігіне сенімді емес. Орта білімді информанттардың 38,7 %, жоғары білімді информанттардың 34,9 % да полицияның зорлық көрушілерді қорғау жұмысын нәтижелі деп санамайды. Этникалық деңгейде алып қарағанда жауаптар бөлісінен алдыңғы белгілерге ұқсас суретті көреміз. Ауыл тұрғындарының 41,6 %, қала тұрғындарының 34,8 % жәбірленушілерді қорғаудағы полиция қызметінің тиімді екендігіне сенбейді. 26,1 % қалалықтар, 21,7 % ауылдықтар бұл мәселе туралы ойланбаған.

Гендерлік теңдік стратегиясында зорлық- зомбылық проблемасы бойынша ерлер мен балалар туралы ештеңе айтылмай, тек әйелдерге қатысты тұрмыстық жәбірлеу ғана атап көрсетілген. Бұл жайт қазақстандық ресми дискурс гендерлік саясат тек бір ғана субъектіге – әйелге қатысты жүзеге асуға тиіс деп санайды және сондықтан да оны гендерлік емес, «әйелдік» саясат деп қарауға болады деген болжам жасауға ерік береді.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close