ҚАЗАҚСТАНДА ЖҰМЫССЫЗ МӘРТЕБЕСІН АЛУ ТӘРТІБІ ӨЗГЕРЕДІ
Қазақстанда жұмыссыз ретінде тіркелу тәртібі өзгереді. Жаңа жүйе 1 қазаннан бастап пилоттық жоба аясында енгізілмек. Еңбек министрлігі бұл тәсіл арқылы азаматтарға бірден жұмыссыз мәртебесін бермей, алдымен олардың кәсіби мүмкіндігіне сай жұмыс табуға басымдық беруді көздеп отыр.

Қазіргі тәртіп бойынша азамат жұмыссыз ретінде тіркелу үшін өтініш бергеннен кейін екі күн ішінде оған бос жұмыс орны ұсынылады. Жаңа жүйеде бұл кезең 13 күнге дейін ұзарады.
Осы уақыт аралығында мансап орталығының мамандары азаматтың еңбек өтілін, кәсіби дағдыларын және қандай жұмысқа қызығушылық танытатынын анықтайды. Жиналған мәліметтер негізінде өтініш берушіге оның тәжірибесі мен біліктілігіне сәйкес келетін бос жұмыс орындары ұсынылады.
Қажет болған жағдайда мансап орталығының мамандары жұмыс берушілермен тікелей байланысып, азаматты тиісті жұмыс орнына орналастыру мүмкіндігін қарастырады.
Яғни жаңа тәсілдің негізгі ерекшелігі – азаматты бірден жұмыссыз ретінде тіркемей, алдымен оған лайықты жұмыс табуға әрекет жасау. Бұл жұмыс іздеушілердің еңбек нарығына тезірек бейімделуіне және жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыруға бағытталған.
Жаңа жүйені жүзеге асыру үшін мансап орталықтары мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының мамандары да арнайы оқудан өтеді. Олар азаматтың кәсіби бейінін бағалау, қолайлы бос жұмыс орындарын іріктеу және жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл жасау бойынша дайындықтан өтпек.
Еңбек министрлігі жаңа тәртіпті алдымен пилоттық жоба ретінде сынап көріп, оның нәтижелерін талдауды жоспарлап отыр. Жоба барысында анықталған кемшіліктер мен проблемалар ескеріліп, жүйені жетілдіруге бағытталған тиісті өзгерістер енгізіледі.
Осылайша, 1 қазаннан бастап жұмыссыз мәртебесін алу рәсімінде басты назар азаматты тіркеуге емес, оны нақты жұмысқа орналастыруға бағытталмақ.



