«СЕМЕЙ ОРМАНЫНДАҒЫ» ӨРТ: ПРЕМЬЕР-МИНИСТР ЖАҒДАЙДЫ ЖЕКЕ БАҚЫЛАУЫНА АЛДЫ
Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында шыққан өртті сөндіру жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр. Елдегі күрделі жағдайға байланысты Премьер-министр өртті жою жұмыстарын жеке бақылауына алды.

Өрт ошағында жерүсті және әуе күштері жұмылдырылған. Құтқарушылар мен орман шаруашылығы қызметкерлері тілсіз жаудың одан әрі таралуына жол бермеу үшін күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
Ресми мәліметке сәйкес, әуе техникасы арқылы жалпы 82 рет су төгу операциясы орындалды. Оның ішінде «Қазавиаорманқорғау» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының тікұшақтары 58 рет, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Ми-17 тікұшағы 19 рет, ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ми-8 тікұшағы 5 рет өрт ошағына су төкті.
Алдын ала есеп бойынша, өрт шарпыған аумақтың көлемі шамамен 60 гектарды құрайды.
Қазіргі уақытта жауапты қызметтер өртті толық оқшаулау және сөндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Сондай-ақ өрттің шығу себептері мен нақты аумағы анықталуда.
Мамандар тұрғындарды орман алқаптарында өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырып, төтенше жағдай туындаған жағдайда бірден тиісті қызметтерге хабарлауды сұрады.



