АЛМАТЫНЫҢ МЕДЕУ АУДАНЫН АБАТТАНДЫРУҒА 2 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНГЕН
Алматы қаласының Медеу ауданында тұрғындардың жайлы өмір сүруіне бағытталған ауқымды абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Биыл аудан аумағын көркейтуге және инфрақұрылымды жақсартуға қомақты қаржы бөлініп, бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр.

Медеу ауданы әкімінің орынбасары Азат Какетаевтың мәліметінше, аудан бойынша абаттандыру жұмыстарына 2 млрд теңге қарастырылған. Қаражат аулаларды жаңғыртуға, қоғамдық кеңістіктерді дамытуға және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталуда.
Сонымен қатар, биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында тұрғындардың өздері таңдаған 30 жоба іске асырылуда. Аталған бастама арқылы қала тұрғындары абаттандыру бағыттарын анықтауға белсенді қатысып, өз ұсыныстарын дауыс беру арқылы жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болды.
Жобалар аясында аулаларды жаңарту, балалар және спорт алаңдарын ретке келтіру, демалыс орындарын көбейту сияқты жұмыстар атқарылуда. Бұл бастамалар ауданның көркін арттырып қана қоймай, тұрғындардың күнделікті өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Медеу ауданындағы абаттандыру жұмыстары қала инфрақұрылымын дамыту және тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жүйелі шаралардың бірі болып отыр.



