Без рубрики

МОНҒОЛИЯНЫҢ ЕҢ БИІК ШЫҢЫНДА ҚАЗАҚСТАННЫҢ КӨК ТУЫ ЖЕЛБІРЕДІ

Астаналық Лашын Жанарбек Моңғолияның ең биік нүктесі саналатын Алтай Таван Богд тау жүйесіндегі Хүйтэн шыңын бағындырып, 4374 метр биіктікте Қазақстанның көк туын желбіретті.

Отбасымен бірге Моңғолияға еңбек демалысына барған Лашын Жанарбек үшін бұл сапар күтпеген сынаққа әрі ерекше тәжірибеге айналған. Кәсіби альпинист ағасы Нұрбек Жанарбектің ұсынысымен ол 15 жастағы інісін ертіп, ағасымен бірге үш адам болып Хүйтэн шыңына шығуға бел буған.

Мәңгі мұздықтармен көмкерілген тау шыңына көтерілу оңайға соқпаған. Соған қарамастан ағайындылар жоспарларын жүзеге асырып, 4374 метр биіктіктегі Хүйтэн шыңына жеткен. Үштіктің шыңға көтеріліп, қайта төмен түсуіне бар болғаны 15 сағат уақыт кеткен.

Бұл – Жанарбек әулетінің тауға шығудағы жеке рекорды. Бұған дейін Хүйтэн шыңына көтерілу үшін әдетте бірнеше күн уақыт бөліп, жол бойындағы арнайы кемптерде аялдау қажет болған.

Лашынның айтуынша, бұл жолы ауа райының қолайлы болуы және үш адамның бірлесіп әрекет етуі межені қысқа уақытта бағындыруға мүмкіндік берген.

«Әдетте Хүйтэн шыңына шығу үшін 2-3 күн уақыт бөліп, жол бойындағы кемптерге қонатынбыз. Бұл жолы ауа райының қолайлы болуы және үшеуіміздің бірлесіп әрекет етуіміздің арқасында кемптерге тоқтамай, бірден шыңға көтеріліп, қайта түстік», – дейді Лашын Жанарбек.

Хүйтэн шыңы Алтай Таван Богд тау жүйесінде орналасқан және Моңғолия аумағындағы ең биік нүкте саналады. Биіктігі 4374 метр болатын шың мәңгі мұздықтарымен, күрделі таулы бедерімен және ауа райының құбылмалылығымен ерекшеленеді.

Қазақстанның көк туын биік шыңда желбірету – Жанарбек отбасы үшін сапардың есте қаларлық сәттерінің біріне айналды. Ағайындылардың бұл жетістігі тауға деген қызығушылық пен отбасылық бірліктің үйлесімі үлкен белестерді бағындыруға мүмкіндік беретінін көрсетті.

15 жастағы жасөспірімнің де осындай күрделі сапарға қатысуы бұл оқиғаның маңызын арттыра түседі. Ал Хүйтэн шыңын 15 сағатта бағындыру Жанарбек ағайындыларының төзімділігі мен дайындық деңгейін аңғартады.

Астаналық отбасының бұл сапары Моңғолияның биік шыңында Қазақстанның көк туын желбіреткен ерекше оқиғалардың біріне айналды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close