ҚАЗАҚСТАН ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЖЕТЕКШІ AGRITECH ХАБЫНА АЙНАЛУДЫ КӨЗДЕП ОТЫР
Қазақстан ауыл шаруашылығын жаңа технологиялар арқылы дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстарды жалғастырып келеді. Мемлекет басшысы елімізді Орталық Азиядағы жетекші AgriTech хабтарының біріне айналдыру мақсаты қойылғанын атап өтті.

Бүгінде Қазақстанда 200-ден астам агроөнеркәсіптік кәсіпорын «ақылды ферма» қағидаты бойынша жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар 650-ден астам шаруашылық өндіріс тиімділігін арттыру үшін цифрлық шешімдерді енгізуде.
Ауыл шаруашылығы саласына заманауи технологияларды кеңінен енгізу арқылы өнімділікті арттыру, ресурстарды тиімді пайдалану және өндіріс сапасын жақсарту көзделіп отыр.
Бұл бағытта жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы дрондары, спутниктік мониторинг, роботтандыру және Industry 4.0 элементтері белсенді қолданылмақ.
Цифрландыру арқылы фермерлер егістік жағдайын нақты бақылап, ауа райы мен топырақ көрсеткіштерін талдау, суару мен тыңайтқыштарды тиімді пайдалану мүмкіндігіне ие болады.
Мемлекет басшысының айтуынша, AgriTech бағытындағы инновациялар Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, еліміздің өңірдегі технологиялық көшбасшылық позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.



