ТҮРКІСТАНДА ТҮРКИЯЛЫҚ ORZAX КОМПАНИЯСЫНЫҢ 40 МИЛЛИОН ДОЛЛАРЛЫҚ ЗАУЫТЫНЫҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ
Түркістан облысы соңғы жылдары шетелдік инвестиция тартуда қарқынды өңірлердің біріне айналды

Егер бұған дейін өңірге бағытталған ірі инвестициялық жобалардың басым бөлігі Қытай капиталымен жүзеге асса, бұл жолы Түркияның жетекші компанияларының бірі Түркістаннан өндіріс орнын ашуға шешім қабылдады.
Түркияның биологиялық белсенді тағамдық қоспалар өндіретін жетекші бренді Orzax Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жаңа өндірістік кешеннің іргетасын қалады. Құны 40 миллион АҚШ долларын құрайтын жоба компанияның Орталық Азиядағы негізгі өндірістік әрі экспорттық орталығына айналмақ.
Салтанатты рәсімге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Alyors Group директорлар кеңесінің төрағасы Селман Алимоғлу, Orzax Kazakhstan компаниясының бас директоры Нүреттин Ақташ, өндіріс директоры Эрен Илемин, мемлекеттік органдардың өкілдері, инвесторлар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Іргетас қалау рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімі жаңа өндіріс орны өңір экономикасын әртараптандыруға, өнеркәсіп саласын дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға серпін беретінін атап өтті. Сонымен қатар мұндай жобалар Түркістанның инвестициялық әлеуетінің артып келе жатқанын көрсететінін жеткізді.
Жаңа зауыт GMP халықаралық өндіріс стандарттарына сәйкес салынады. Алғашқы кезеңде мұнда жылына 36 миллион қаптама өнім өндірілмек. Кейін өндірістік қуат 80 миллион қаптамаға дейін ұлғайтылады. Өндірілетін өнімнің 85–90 пайызы Орталық Азия, Шығыс Азия, ТМД және өзге де халықаралық нарықтарға экспортталады.
Жоба Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаржылық қолдауымен жүзеге асырылуда. Кәсіпорын «TURAN» арнайы экономикалық аймағында орналасқандықтан, инвесторларға салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Сондай-ақ Қазақстанның қолайлы географиялық орналасуы мен халықаралық нарықтарға шығу мүмкіндігі компанияның өндірістік шығындарын азайтып, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Alyors Group директорлар кеңесінің төрағасы Селман Алимоғлу бұл жоба Orzax компаниясының жаһандық даму стратегиясындағы маңызды қадам екенін айтты. Оның сөзінше, кәсіпорын толық қуатына шыққан кезде жылдық табысты 180 миллион АҚШ долларына дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар өндіріс орны 500 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.
Компания өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта кәсіпорын тек биологиялық белсенді тағамдық қоспалар шығарумен шектелмейді. Болашақта мұнда фармацевтикалық препараттар, косметикалық өнімдер және жаңа белсенді ингредиенттер өндіретін қосымша желілер іске қосылады.
Мамандардың пікірінше, Түркістандағы бұл жоба өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, Қазақстанның Орталық Азиядағы фармацевтика және биологиялық белсенді тағамдық қоспалар өндірісінің маңызды орталықтарының біріне айналуына мүмкіндік береді.



