ІІМ WHATSAPP АККАУНТЫН АЛАЯҚТАРДАН ҚОРҒАУ ЖОЛДАРЫН АТАП ӨТТІ
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі WhatsApp мессенджеріндегі аккаунттарға рұқсатсыз қол жеткізу жағдайларының алдын алу үшін азаматтарға қауіпсіздік шараларын күшейтуге кеңес берді.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, алаяқтар мессенджердегі аккаунтты иемденіп, оның атынан таныстарына хабарлама жіберуі немесе ақша аударуды сұрауы мүмкін. Сондықтан жеке аккаунттың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамау маңызды.
ІІМ ең алдымен WhatsApp-та екі сатылы тексеру функциясын қосуды ұсынады. Ол үшін қосымшаның «Баптаулар» бөліміне кіріп, «Аккаунт», одан кейін «Екі сатылы тексеру» тармағын таңдау қажет. Содан соң «Қосу» батырмасын басып, алты таңбалы PIN-код орнату және аккаунтты қалпына келтіруге арналған электрондық пошта мекенжайын енгізу керек.
Орнатылған PIN-кодты ешкімге айтуға болмайды. Сондай-ақ SMS немесе мессенджер арқылы келген растау кодтарын да бөгде адамдарға беруге қатаң тыйым салынады.
Байланыстырылған құрылғыларды тексеру де маңызды. Ол үшін WhatsApp мәзіріндегі «Байланыстырылған құрылғылар» бөліміне өтіп, аккаунтқа қандай құрылғылардың қосылғанын тексеру қажет. Егер тізімде өзіңізге тиесілі емес құрылғы анықталса, оны таңдап, «Шығу» пәрмені арқылы қолжетімділікті дереу тоқтатқан жөн.
ІІМ аккаунттың бұзылғанын білдіруі мүмкін бірнеше негізгі белгіні атады. Олардың қатарында белгісіз құрылғылардың қосылуы, пайдаланушының қатысуынсыз хабарламалардың жіберілуі, таныстардан оның атынан күмәнді өтініштер келгені туралы ақпараттың түсуі және азамат өзі сұратпаған растау кодтарының SMS арқылы келуі бар.
Сондай-ақ аккаунттан себепсіз шығып қалу да алаяқтардың әрекетінен хабар беруі мүмкін.
Мамандар азаматтарға күмәнді сілтемелерді ашпауға және бейтаныс адамдардың нұсқауымен бөгде қосымшаларды орнатпауға кеңес береді. Телефон мен компьютерді зиянды бағдарламалардың бар-жоғына тұрақты түрде тексеріп отырған жөн.
Егер WhatsApp аккаунтында рұқсатсыз белсенділік байқалса, алдымен «Байланыстырылған құрылғылар» бөліміндегі барлық күмәнді сеанстарды аяқтау қажет. Бұдан кейін екі сатылы тексеру PIN-кодын өзгертіп, аккаунттың бұзылуы мүмкін екені туралы байланыстағы адамдарға ескерткен дұрыс.
Алаяқтардың кең тараған тәсілдерінің бірі – азаматтың танысының атынан хабарлама жіберіп, шұғыл түрде ақша аударуды сұрау. Сондықтан танысыңыздан күтпеген жерден қаржылай көмек туралы хабарлама келсе, ақша аударуға асықпаған жөн. Оған телефон арқылы немесе басқа байланыс арнасы арқылы хабарласып, хабарламаны шынымен сол адамның өзі жібергеніне көз жеткізу қажет.
ІІМ азаматтарды қырағы болуға және жеке деректерді қорғауға шақырады. Растау кодтарын, PIN-кодтарды және өзге де құпия ақпаратты ешкімге бермеңіз. Аккаунтқа рұқсатсыз қол жеткізу белгілері байқалған жағдайда қауіпсіздік шараларын дереу қабылдап, қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгіну керек.



