Без рубрики

АҚТАУДА КАСПИЙ МАҢЫ ЕЛДЕРІНІҢ ДОСТЫҚ АЛЛЕЯСЫ АШЫЛДЫ

Ақтауда Caspian Sea Action Week – 2026 халықаралық жобасы аясында Каспий маңы елдерінің Достық аллеясы салтанатты түрде ашылды.

Жаңа нысан Каспий теңізі жағалауындағы мемлекеттер арасындағы достық пен өзара ынтымақтастықтың символына айналмақ. Аллеяның ашылуы халықаралық апталықтың маңызды шараларының бірі болды.

Салтанатты рәсімге Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Иран және Түрікменстаннан, сондай-ақ Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген волонтерлер қатысты. Түрлі елдердің жастары мен белсенділерінің бір алаңда бас қосуы өңірлік ынтымақтастықтың маңызын айшықтай түсті.

Достық аллеясында келер ұрпаққа арналған арнайы капсула да қойылды. Оның ішіне Каспий өңірі елдерінің ортақ тарихы, мәдени байланыстары және табиғи мұрасы туралы үндеу орналастырылды. Бұл бастама бүгінгі ұрпақтың кейінгі буынға деген аманатын білдіреді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Достық аллеясы тек абаттандырылған қоғамдық кеңістік қана емес, Каспий маңы мемлекеттерін ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіретін символдық орын ретінде қалыптасады.

Caspian Sea Action Week – 2026 халықаралық жобасы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бастама негізінде, БҰҰ жариялаған Халықаралық волонтерлер жылы аясында өтіп жатыр.

Халықаралық апталықтың негізгі мақсаты – азаматтық белсенділікті арттыру, еріктілік мәдениетін дамыту, қоршаған ортаны қорғауға қоғамның назарын аудару және Каспий маңы елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайту.

Апталық барысында экологиялық акциялар, волонтерлік бастамалар және қоғамдық маңызы бар түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Олардың барлығы Каспий теңізінің табиғи экожүйесін сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және азаматтардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Ақтауда ашылған Достық аллеясы осы бастамалардың жалғасы ретінде Каспий маңы елдерінің ортақ тарихы мен болашағын байланыстыратын символдық орынға айналмақ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close