ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДА ЖЕҢІМПАЗДАРЫН ДАЙЫНДАҒАН ҰСТАЗДАР МАРАПАТТАЛДЫ
Шәкірттері беделді халықаралық пән олимпиадаларында топ жарып, Қазақстанның көк Туын биікке көтерген ұстаздар мен тәлімгерлер жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Марапаттарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табыстады. Ұстаздарға мемлекеттік наградалар білім беру саласындағы аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін берілді.
Президент Жарлығымен Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Мейрамгүл Кенжеханова мен Алматы қаласындағы №134 лицейдің мұғалімі Ирина Нестеренко «Құрмет» орденімен марапатталды.
Ал «Edlight Academy» әдіскері Жанболат Жолгелдиев, Қарағанды қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Қарлығаш Жолдыбаева, «Haileybury Almaty» мектебінің мұғалімі Владимир Жук және Өскемен қаласындағы Білім-инновация лицейінің мұғалімі Айгүл Сейітдәулет «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.
Сонымен қатар Қызылорда қаласындағы Білім-инновация лицей-интернатының мұғалімі Батыр Жарқын, Талдықорған қаласындағы №24 лицейдің мұғалімі Меруерт Абаева, Павлодар қаласындағы Білім-инновация лицей-интернатының мұғалімі Олжас Әмзеев және Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің мұғалімі Бақыт Мамышев «Шапағат» медалімен марапатталды.
Ұстаздарға берілген мемлекеттік наградалар – олардың кәсіби еңбегіне көрсетілген жоғары бағаның белгісі. Халықаралық олимпиадаларда жүлде алған оқушылардың әр жетістігінің артында бірнеше жылдық дайындық, ұстаздың білімі мен шәкіртіне деген сенімі тұр.
Осы ретте мемлекет басшысы жас зияткерлермен кездесуі барысында олардың жеңісіне үлес қосқан мұғалімдер мен тәлімгерлердің еңбегін де ерекше атап өтті.



