НҰРСҰЛТАН ЖАҚСЫГЕН ХАБАРЛАМАЛАРДЫ ӨЗІ ЖАЗБАҒАНЫН АЙТТЫ
Алматыда әзілкеш Нұрсұлтан Жақсыген мен оның бұрынғы әйелі Фаризаға қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Іске байланысты кезекті сот отырысына журналист Руслан Өтепбай да қатысып, Нұрсұлтан Жақсыгеннен жағдайға қатысты пікір алды.

Сұхбат барысында журналист әзілкештен бұрынғы жары Фаризаға жіберілген даулы хабарламалар туралы сұрады. Алайда Нұрсұлтан Жақсыген аталған хабарламаларды өзі жазғанын жоққа шығарып, кінәсін мойындамады.
Әзілкештің айтуынша, оның атына әлеуметтік желілерде жалған аккаунттар ашылып, сол парақшалар арқылы түрлі хабарламалар жіберілген. Ол сот барысында бұл мәселе бойынша сараптама жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Сот сараптама жүргізіп жатыр осы іс бойынша. Аккаунтыма байланысты атымнан түрлі парақшалар ашылып, жалған хабарламалар жазған. Бодимассаж жасайды деп жазған мен емес. Әйелім мен отбасын балағат сөздермен теңеген де мен емес. Мен тек «балаларды көрсет» деген тақырыптарда жаздым», – деді Нұрсұлтан Жақсыген.
Оның сөзінше, кез келген адам әлеуметтік желіде оның аты-жөнін пайдаланып, жалған парақша ашуы мүмкін. Әзілкештің өзі Instagram және TikTok платформаларында бірнеше аккаунты бар екенін айтты.
Сонымен қатар ол WhatsApp нөміріне де шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Нұрсұлтан Жақсыген бұл бойынша өзінде дәлелдер бар екенін айтып, сотта олардың ескерілетініне үміт білдірді.
«Кез келген адам аккаунтына Нұрсұлтан Жақсыген деп жазып қоя салады. Менің өзімде TikTok-та, Instagram-да 10 аккаунт бар. Менің WhatsApp нөміріме шабуыл жасалды. Менде бүкіл дәлелдер бар. Сот мен деп шығарса, демек әділ емес», – деді ол.
Қазір іс бойынша сот сараптамасы жүргізіліп жатыр. Даулы хабарламалардың нақты кім тарапынан жіберілгені және олардың Нұрсұлтан Жақсыгенге тиесілі аккаунттардан жолданғаны сот барысында анықталуы тиіс.
Әзілкеш өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын айтып, істің әділ қаралуын талап етті. Соттың соңғы шешімі тараптардың ұсынған дәлелдері мен жүргізіліп жатқан сараптама нәтижесіне байланысты болады.



