ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДА 1 МЛРД ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ЗАҢСЫЗ ТАБЫС ТАПҚАН КӘСІПОРЫН БАСШЫСЫ СОТТАЛДЫ
Шығыс Қазақстан облысында заңсыз жолмен 1 млрд теңгеден астам табыс тапқан кәсіпорын басшысы сотталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.

Тергеу материалдарына сәйкес, «AK Metal» ЖШС-не берілген лицензия қатты пайдалы қазбаларды барлауға ғана мүмкіндік берген. Алайда кәсіпорын басшылығы зертханалық және технологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу деген сылтаумен темір кенін және темір кені концентратын өнеркәсіптік көлемде өндірген.
Кейін заңсыз өндірілген өнім Қазақстан аумағында және шетелде сатылған. Жалпы 70 мың тоннадан астам темір кені мен концентраты заңсыз өндіріліп, өткізілген.
Тергеу нәтижесінде кәсіпорын қызметінен түскен қылмыстық табыс көлемі 1 млрд теңгеден асқаны анықталған.
Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа кәсіпорын басшысы бірқатар қымбат актив сатып алған. Атап айтқанда, оның мүлкі қатарында Land Rover автокөлігі, бес бөлмелі пәтер, үш коммерциялық үй-жай, екі автотұрақ орны, сондай-ақ Алматы қаласы мен Алматы облысындағы екі жер учаскесі болған.
Сот шешімімен аталған мүліктердің барлығы мемлекет кірісіне тәркіленді.
Кәсіпорын басшысы бір жылға бас бостандығынан айырылды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, іс бойынша заңсыз өндіріс пен одан түскен кірістерді пайдалануға қатысты мән-жайлар толық зерттелген.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.



