ТОҚАЕВ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАСКЕТБОЛ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІН МАРАПАТТАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық баскетбол федерациясының (FIBA) президенті шейх Сауд Али Әл-Тәнимен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстандағы баскетболдың дамуы, бұқаралық спортты кеңінен насихаттау және жас спортшыларға қолдау көрсету мәселелері талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қазақстандағы баскетбол тарихына 100 жыл толып отырғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, соңғы жылдары баскетболға, әсіресе балалар мен жастар арасында қызығушылық артып, спорттың бұл түрі елдегі танымал бағыттардың біріне айналып келеді.
Мемлекет басшысы Қазақстаннан халықаралық деңгейде өнер көрсеткен бірқатар танымал баскетболшылар шыққанын атап өтті. Олардың қатарында әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарына қатысқан спортшылар да бар.
Кездесуде Қазақстанда 3×3 форматындағы баскетболды дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бұл бағыттың елімізде келешегі зор екені айтылып, аталған спорт түріне қызығушылықтың артып келе жатқаны атап өтілді.
Тараптар бұқаралық және кәсіпқой баскетболды одан әрі дамыту, спорттық резерв даярлау, жас спортшылардың кәсіби шеберлігін арттыру және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар халықаралық тәжірибені пайдалану және Қазақстандағы баскетбол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бастамаларды қолдау қажеттігі сөз болды.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қазақстандағы баскетболдың дамуына елеулі үлес қосқаны үшін Халықаралық баскетбол федерациясының президенті шейх Сауд Али Әл-Тәниді ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.



