Без рубрики

ALATAU CITY ҚҰРЫЛЫСЫНА КОРЕЯЛЫҚ КОМПАНИЯЛАР ҚАТЫСАДЫ

Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның ірі компаниялары Алматы облысында бой көтеретін Alatau City қаласын дамытуға инвестиция салу мүмкіндігін талқылады. Ынтымақтастық аясында энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, жаңа электр станциясын салу, қонақүй кешенін іске асыру және заманауи технологияларды енгізу мәселелері қаралды.

Бұл туралы Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың Корея Республикасына жұмыс сапары барысында белгілі болды.

Кездесулердің бірінде кореялық KEPCO компаниясымен Alatau City аумағында электр желілері мен қосалқы станциялар салу мәселесі талқыланды. Жоба жаңа қаланың энергетикалық инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған.

Сонымен қатар Doosan Enerbility компаниясы және GGGI ұйымымен қуаты 2×250 МВт болатын газ электр станциясын салу жобасы қарастырылды. Жоспар бойынша нысанның технологиялық мүмкіндіктері болашақта оны сутек отынына көшіруге мүмкіндік беретіндей етіп қарастырылмақ.

Қаладағы туристік және іскерлік инфрақұрылымды дамытуға да басымдық берілмек. Осы бағытта Lotte Hotels & Resorts компаниясымен құны 200 миллион доллардан асатын қонақүй кешенін салу жоспары талқыланды. Кешен құрамына 180 нөмірлі L7 by Lotte қонақүйі, кеңсе ғимараттары мен тұрғын апартаменттер кіреді.

Alatau City жобасының инвестициялық портфелі де ауқымды. Қазіргі таңда оған жалпы құны 6,9 миллиард доллар болатын 67 жоба енгізілген. Аталған жобалардың толық жүзеге асуы 55 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Қазақстан мен кореялық серіктестер алдағы уақытта жобаларды қаржыландыру, инвестиция тарту және оларды іске асыру тетіктерін нақтылау бойынша келіссөздерді жалғастырады.

Жаңа қаланың энергетика, туризм, тұрғын үй және іскерлік инфрақұрылымын қатар дамытуға бағытталған бұл жобалар Alatau City-ді заманауи технологиялар мен инвестициялық мүмкіндіктер тоғысқан жаңа экономикалық орталықтардың біріне айналдыруды көздейді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close