ҚАЗАҚСТАНДА МАЙНЕРЛЕРГЕ САЛЫҚ ЖЕҢІЛДІГІ БЕРІЛУІ МҮМКІН
Қазақстанда майнинг саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер беру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, ұсынылып отырған өзгерістердің негізгі мақсаты – Қазақстанның майнинг индустриясы үшін инвестициялық тартымдылығын сақтап қалу. Қазір осы бағыттағы ұсыныстар Экономика және энергетика ведомстволарымен, сондай-ақ сала өкілдерімен бірлесіп талқыланып жатыр.
Тиісті тетіктер әзірленгеннен кейін мәселені Құрылтай қарауына енгізу жоспарланып отыр. Өзгерістер жыл соңына дейін қабылдануы мүмкін.
Сонымен қатар майнинг саласының мемлекеттік бюджетке түсіретін салықтық үлесі де айтарлықтай. Былтыр бұл саладан бюджетке 22,4 миллиард теңге салық түскен. Бұл көрсеткіш соңғы екі жылмен салыстырғанда 2,5 есе жоғары.
Қазіргі таңда Қазақстанда 76 лицензияланған майнер мен 5 майнинг-пул жұмыс істейді.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсыновтың айтуынша, еліміздегі майнерлер пайдаланған әрбір 1 кВт/сағат электр энергиясы үшін 2 теңге мөлшерінде салық төлейді.
«Қазір көршілес елдердің тәжірибесін қарап жатырмыз. Олардың майнинг саласына қатысты қолданып отырған саясатына талдау жүргіземіз. Көптеген елдер инвесторларға түрлі жеңілдіктер ұсынып отыр. Біз де осы бағытта сараптама жасайтын боламыз», – деді Ғиззат Байтұрсынов.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, көрші мемлекеттердің тәжірибесін зерделеу арқылы Қазақстан үшін тиімді әрі бәсекеге қабілетті жағдай қалыптастыру тетіктері қарастырылады. Бұл ретте бюджет кірісі мен энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану мәселесі де назарда болады.



