2027 ЖЫЛДАН БАСТАП ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІНДЕ МАҢЫЗДЫ ӨЗГЕРІС БОЛАДЫ
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстандағы зейнетақы жинақтарына берілетін мемлекеттік кепілдікті жүзеге асыру тәртібі өзгереді. Алайда бұл мемлекет азаматтардың зейнетақы жинақтарының сақталуына беретін кепілдіктен толық бас тартады дегенді білдірмейді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының түсіндіруінше, міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдік толық көлемде сақталады. Бұл норма Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде бекітілген.
Қазіргі қолданыстағы тәртіп бойынша азамат зейнетақы төлемдерін алуға құқық алған кезде оның БЖЗҚ-ға нақты енгізілген міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары жинақталған инфляция деңгейін ескере отырып салыстырылады. Егер зейнетақы жинақтарының нақты сомасы инфляция ескерілген жарналар көлемінен төмен болса, пайда болған айырма мемлекет тарапынан өтеледі.
Ал 2027 жылдан бастап осы өтемақыны жүзеге асыру тетігі өзгереді. Әлеуметтік кодекстің 217-бабына сәйкес мемлекет зейнетақы төлемдерін алушыларға БЖЗҚ-дағы міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізілген мөлшерінде сақталуына кепілдік береді.
Өзгерістің басты себептерінің бірі – азаматтардың зейнетақы жинақтарын басқаруға қатысу мүмкіндігінің кеңеюі.
Бұған дейін салымшылар міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жинақтарының белгілі бір бөлігін инвестициялық портфельді басқарушыларға бере алатын. 2026 жылдың күзінен бастап бұл мүмкіндік кеңейіп, азаматтар міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушылардың сенімгерлік басқаруына толық көлемде бере алады.
Яғни азамат өз жинағын кімнің басқаратынын таңдауға мүмкіндік алады. Ол зейнетақы активтерін Ұлттық банктің басқаруында қалдыруы немесе заңнамада белгіленген тәртіппен инвестициялық портфельді басқарушы компанияның сенімгерлік басқаруына беруі мүмкін.
Бұл ретте басқарушы компанияны ғана емес, инвестициялық стратегияны және өзіне қолайлы тәуекел деңгейін таңдауға мүмкіндік қарастырылған. Осылайша зейнетақы активтерін басқару жүйесінде салымшының рөлі арта түседі.
Сонымен бірге зейнетақы активтері бақылаусыз қалмайды. Мемлекет БЖЗҚ мен инвестициялық портфельді басқарушылардың қызметін реттеуді жалғастырады. Ұлттық банк те зейнетақы активтерін басқару кезінде олардың сақталуын қамтамасыз ету және ұзақ мерзімді нақты табыстылыққа қол жеткізу талаптарын басшылыққа алады. Активтерді орналастыру кезінде әртараптандыру мен тәуекелдерді төмендетуге бағытталған талаптар да сақталады.
Инвестициялық портфельді басқарушыларға да бірқатар талап қойылған. Атап айтқанда, олардың қаржылық тұрақтылығы, меншікті капиталының жеткіліктілігі және кәсіби тәжірибесі ескеріледі. Заңнамада белгіленген жағдайларда басқарушы компанияның кірістілігі белгіленген ең төменгі деңгейге жетпесе, тиісті айырманы өзінің меншікті қаражаты есебінен өтеу міндеті қарастырылған.
БЖЗҚ болса, азаматтардың зейнетақы жинақтары туралы ақпаратты жүргізетін бірыңғай есептік және ақпараттық орталық қызметін атқара береді. Яғни жинақты Ұлттық банк басқарса да, жеке басқарушы компанияға берілсе де, салымшының жеке зейнетақы шоты БЖЗҚ жүйесінде сақталады.
Осылайша, 2027 жылдан бастап өзгеретін негізгі мәселе – мемлекеттік кепілдіктің жойылуы емес, оны жүзеге асыру тәсілі. Бұған қоса азаматтардың зейнетақы активтерін басқаруға қатысу мүмкіндігі кеңейеді.
Министрлік мемлекеттік кепілдіктердің сақталатынын және зейнетақы жинақтарын басқару жүйесі мемлекеттік реттеу мен бақылау аясында қала беретінін атап отыр.



