Қоғам

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ТАРИХИ НЫСАНДАРДЫ БІЛЕСІЗ БЕ?

Түркістан облысы тарихқа толы құт мекен. Өңірде туристерді тартатын әсем табиғат та, таң қалдыратын тарихи нысандарда жеткілікті.

Бәйдібек би кесенесі

Бәйдібек Қарашаұлының Қарахан дәуірі үлгісіндегі Балабөген өзенінің биік жағалауында ежелден сақталған көне мазар күмбезінің орнына, жаңа үлгіде қайта салынды. Бәйдібек би кесенесі  құрылысына  Орта  Азия  мен  Оңтүстік  Қазақстанда  өндірілетін  таңдаулы  құрылыс  материалдары  —Ташкент  зауыттарының  арнаулы  сары  кірпіші,  Нұратаның  ақшыл  мәрмәрі,  Тараз  бен  Қаратаудың  қызыл  граниттері,  Қошқарата  қатпарлы  тау жыныстарының  тақтатастары  пайдаланылған.  Бәйдібек  ата  кесенесін  салуға  Самарқанд,  Ташкент,  Сайрам,  Шымкент  шеберлері  қатысқан.Бәйдібек  кесенесінің  күмбезбен  көмкерілген  ғибадат  бөлмесіне  Қазақстан  Президенті  Нұрсұлтан  Әбішұлы  Назарбаев  ұлы  баба  рухына  арнап,  салмағы  6  тонна  бесік  мүсінді  ақ  мәрмәр  құлпытас  қойған.Бәйдібек баба 1356-1419 жылдары Қаратау өлкесінде өмір сүрген. Қазіргі Бәйдібек ата елді мекенінде дүниеден өткен. Үш жасында Бәйдібек ата-анасынан айрылып, жақын туыстарында тәрбиеленеді. Бәйдібек өзінің ақылы, тапқырлығы арқасында жалшылықтан, жоқшылықтан құтылып, ел қатарына қосылады. Бәйдібектің шешендік қасиетін жоғары бағалаған халық оны «би» етіп сайлайды. Халық арасында өзінің шешендігімен, даналығымен аты шығып, 1419 жылдың күзінде, 63 жасында, өзінің Балабөген қыстауында дүниеден өтеді.

Домалақ ана кесенесі

Шын есімі Нұрила – есімі ел ұранына айналған абыз аналардың бірі. Түркістандық Мақтым Ағзам қожаның немересі. Ол 1378 ж Түркістан қаласында өмірге келген. Атасы Мақтым Ағзамның өсиетімен Домалақ ана он тоғыз жасында (1397) Бәйдібек биге тұрмысқа шығады. Ел ішіндегі деректерге қарағанда, оған «Дихнат мама» деген атауды түп тегі түрікпен Қара Хайдар деген кісі қойған. «Дихнат мама» – парсы сөзі. Қазақ тілінде «Әулие ана» деген мағына береді. Одан тараған ұрпақтарының бәрі де білімімен, ақылымен ерекшеленіп, ел билеген. Жарықшақ деген ұлы Жетісу өлкесінің ұлысбегі болған.1429 ж. Уәйіс хан қайтыс болып, әке тағына ұлы Есенбұға отырады. Сол күннен бастап Жарықшақ Есенбұға ханның бас уәзірі болады. Домалақ ана өмірінің соңғы жылдары Ташкент қаласында өтеді. Алайда ері Бәйдібектің түсінде берген аяны бойынша, өздерінің ескі қонысы Қаратауға барып тұруға қамданып, жол шегеді. 1456 жылдың жиырма сегізінші мамырында көш Балабөген өзенінің жағасына жеткен кезде Домалақ ана сол жерде намаз оқып тұрып көз жұмады. Өзінің тілегі бойынша Домалақ ана сол жазыққа жерленеді. Басына тұрғызылған кесенесі бірнеше рет бұзылып, қайта өңделген. Бірінші рет, немересі Дулат Бұқарадан Абдулла Шери ұстаны алдырып 1456 жылы кесене там тұрғызған. 1957 жылы жаңартылған кесене де көп уақыт сақталмаған. 1996-1997 жылдары жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен белгілі сәулетші Сайын Назарбекұлының жобасы негізінде тұрғызылған. Жаңа кесененің салынуымен, кесене алғашқы көрінісінен түгел өзгеріске ұшыраған. Маңғыстаудан арнайы әкелінген ақ таспен жаңадан 12 метр биіктікте сегіз жапырақты етіп өріліп, негізгі бөлігінің үстіне күмбез орнатылған.

Исмайл-ата сәулет кешені

Қазығұрт ауданы, Тұрбат ауылында орналасқан. Сәулет кешені құрамына: Исмайл-ата, Жәбірейіл-ата, Қошқар-ата, Ысқақ-ата кесенелері, Мешіт, Шілдехана, Дарбаза кіреді. Кешенге 2006 жылы «Мәдени-мұра» бағдарламасы аясында қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.

Исмайыл ата кесенесі Қазығұрт ауданы, Тұрбат ауылындағы ескі мазар ішінде орналасқан. Кесене бір күмбезді кірпіштен соғылған, күмбез үстінде жаңғақ ағашынан істелген діңгек орналасқан. Күмбездің жалпы көлемі 10х12 м., ішінен биіктігі 6 м.  2006 жылы “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Исмайыл ата түркі ғұламасы Қожа Ахмет Иасауидің Ибраһим деген інісінің ұлы екендігін парсының ұлы ақыны Əбдірахман Жəми өзінің «Нəсəимул-мухəббəт мин шəмəил-футууəт» атты шығармасында атап өтеді. Қ.А. Иасауи ілімін жалғастырушылардың бірі болған Исмайыл ата қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Тұрбат деген жерінде туған. Аңыз бойынша, бұл қауымның бірінші басшысы Ибраһим ата, оның Ысмайыл және Жәбірейіл есімді екі баласы болған. Исмайыл 20 жасқа толғанда қалмақ шапқыншылығы болып, жау оның ата-анасы мен бауыры Жәбірейілді өлтіреді. Ысмайыл тұтқынға түсіп, құл ретінде басқа діндегілердің малын бағады. Жас жігіттің көрсеткен ғажайыптары «қалмақтарды» ислам дінін қабылдауға мәжбүр етіп оны құлдықтан құтқарады. Дегенмен ол бірден отанына қайтпай, Яссауи тариқатының шайқы Сайид атаға барып, әкесінің сопылық қауымын басқаруға бата алады. Сөйтіп Исмайыл ата көшпенді далалықтар мен егіншілер арасында дін уағыздайды. Ол өмірінің соңына қарай көптеген ізбасарлар дайындап, құрмет пен даңққа бөленеді. Аңыз бойынша оның бейітінің басындағы кесене Темірдің нұсқауымен тұрғызылған.

Аппақ-Ишан сәулет кешені,  ХІХ ғ.

Орналасқан жері: Бәйдібек ауданы, Шаян ауылында орналасқан. Мешіт-медресе құрылысы 1840 жылдары бастау алып діни оқу орны ретінде 1927 жылға дейін қызмет еткен. Кешен құрылысына:  медресе,  мешіт,  дәрісхана кіреді. Алғашқы кезде көптің көмегімен  асарлатып осы мешіттің орнына қам кірпіштен шағын ғана мешіт тұрғызылған. Шаян ауылынан  мешіт-медресе ашылғанын естіген халық, жан-жақтан  ағыла бастайды.  Шағын мешітте шәкірт тәрбиелеу үшін кең бөлмелер қажет болғандықтан, Қосым ишанның  баласы Сейдахмет патша ағзамның шенеуніктеріне қайта-қайта барып жүріп, күйдірілген қыштан мешіт медресе тұрғызуға  150 рубль орыс ақшасын бөлдіріп, рұқсат алады. Сондай-ақ, жергілікті халықтың жинаған қаржысымен қоса мешіт-медресенің үш комплексті құрылысы басталып, бірнеше жылдарға созылған. Мешіт-медресе құрылысын Қосым баба бастап, баласы Сейдахмет жалғастырып, немересі Аппақ ишан аяқтаған.

Арыстан баб кесенесі, ХХ ғ.

Отырар ауданы, Қоғам ауылынан 3 шақырым солтүстік-батысында орналасқан. Кесене Қ.А. Яссауидің рухани ұстазы болған діни қайраткер Арыстан бабтың зиратына салынған. Аңыз бойынша Қожа Ахметке аманатын жеткізген Салман Фарси (Арыстан баб) дәм-тұзы таусылар шағында Яссауиді алдына шақырып алып, соңғы сөзін айтады: «Ей, балам, қасымда тұр. Мен өлейін. Жаназамды оқып көм, жан тәсілім қылайын. Медет берсе Мұстафа, ғарыш биігіне шығайын», – деп көз жұмып кетіпті. Арыстан баб дүниеден өткен соң оның денесін ақ бураға артып, еркіне жібереді де соңынан ілесіп жүреді. Ақ бура жүре-жүре бір жерге барып шөккен екен. Сол ақ бура шөккен жерге Салман Фарси – Арыстан баб жерленген екен. Кесененің алғашқы құрылысы XIV-XV ғасырларға жатады. Ол құрылыстан ойылған ағаш бағандар сақталған. ХVІІІ ғасырда жер сілкінісі нәтижесінде кесене қирап, 1909 жылы қайта салынған. 1971 жылы жерасты суларының әсерінен кесене жарамсыз болып бұзылып, жергілікті тұрғындардың қаржысына қайтадан салынған. Өңіріміздегі туристтік маңызы зор орын.

Қарабура әулие кесенесі, ХІХ ғ.

Созақ ауданы, Созақ ауылының орталық бөлігінде орналасқан. Қарабура әулие жөнінде жазба деректерден гөрі біздің заманымызға ауызша аңыздардың жеткені басым. Көпшілік зерттеушілердің пікірінше, Қарабура әулие – Қожа Ахмет Ясауидің замандасы болған. Аңыз деректеріне қарағанда, Қарабура «Түйем шөккен жерде дүниеден өтіп, жерленемін», деген екен. Түйесі Созақ жеріне келген уақытта шөгіп, осы жерге Қарабура қолындағы асасын қадап, дүниеден озыпты» деседі.Алғашқыда әулиеге салынған кесене жоспарда төртбұрышты,  ішкі жағынан ені 4 м., биіктігі 4 м. болған. Қазіргі уақытта жеке кәсіпкерлердің қолдауымен  әулиенің басына жаңа кесене тұрғызылған. ХІХ ғ. Салынған кесене жаңа кесененің ішінде сақталған. Аңыз-әңгімеде Қарабураның есімі – Бұхарназар делінеді. Жауға қарсы шапқанда Қарабурасына мінеді екен. Сондықтан Қарабура атанса керек. Осыдан-ақ Қарабура бабаның тұлғасы зор, тұрқы биік кісі болғанын байқауға болады. Өзбектер оны Бұхарахан деп те атайды. Қарабура Қарахан мемлекетінің ханы болған  деген де дерек бар.Ел аузында тағы бір деректе Қарабура әулиені Арыстан бабтың дарынды шәкірттерінің бірі болған деседі.

Есімхан кесенесі, ХVІІ ғ.

Кесене Қазақ хандығының ханы Есім ханның қабірінің басына тұрғызылған. Кесене қирап, бұзылған қалпында ғана жеткен. Ол 18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырдың басында қираса керек. Кесене күйдірілген кірпіштен төртбұрышты (9х9 м) етіліп өрілген. Негізгі қасбеті портал түрінде болып келеді. Қасбеттері жылтыр қалақтаспен геометриялық ою-өрнектер түрінде әшекейленген. Оңтүстік-шығыс жағында кесенеге кіретін есік бар. Сақталған қабырғасының енінің 1,2 м болуы да биік күмбезді көтеруге шыдайтындығын көрсетеді. Еденіне төртбұрышты күйдірілген кірпіш төселген. Кесененің сақталған бөлігі 2000 жылы қайта жөнделді.

Таңбалы тас, б.з.д. 5 мыңжылдықтар – б.з. ХVІІ ғ.

Тайқоңыр ауылынан 100 шақырым солтүстікке қарай Бетпақ шөлдегі Нұра деген жерде, Сарысу өзенінің оң жағында 20 шақырым жерде орналасқан.

Мұндағы тас өте жұмсақ болғандықтан, жазуға да сондай қолайлы. Көне дәуірден келе жатқан Таңбалы тас жазуында ғасырлар бойы Қазақстан өлкесін қоныстанған тайпалардың тасқа жазып түсірген мыңдаған танбалары және ел басқарушылардың қол қойған аттары, ұрандар, тасқа қиып түсірген едемі өрнектер, «қошқармүйіз », «түйе табан», «кісінің ізі», « аттың ізі» т. б. таңбалар көптеп кездеседі. Мұндай қалың жазулармен таңбалардың тұрған жерін қазақтар ерте заманнан бері қарай «Таңбалы тас», «Таңбалы жар » немесе «Таңбалы Нұра» деп атаған. Жартасқа түсірілген таңбалардың ең көнесі шамамен XI ғасырдан басталады да, XIX ғ асырға дейін жалғасады. Таңбалы тастың зор атаққа ие болу себебі бұл жерде қазақтар ұлы мереке жасап, ұран шақырып, бірел болып қосылған жері. Сондықтан бұл Таңбалы тасты алғаш ашқан ғалымдар «тарихтың зор куәлігі » деп атаған ( А . И. Шренк ). Ол таңбалар Орхон -Енисей жазба есқерткіштері таңбаларымен еңдес белгілер болып табылады. «Біз бұл таңбалы тастан Сібірдегі қия тасқа түсірілген жазу үлгілері сияқты белгілерді табуға үміттендік, ол үмітіміз босқа кетпеді . Ондағы орхон жазуына ұқсас алфавиттен бірнешеуін түсіріп алдық» деп жазады ғалым А. И. Шренк. Бетпақдаланы зерделей зерттеген атақты инженер Ю . Шмидтің бақылауынша Таңбалы тас қазақтың жантәнімен ардақтайтын бір киелі тасы. Ел аузындағы кене деректерде Таңбалы таста XVIII ғасырда , дәлірек айтқанда 1710 жылында жоңғарларға қарсы соғыста үш жүздің баласы басқосып үлкен жиын еткізген. Бұл жиыңда Таңбалы тасқа әр рудың таңбалары басылып, басылғантаң бақұрым киізге ойылып таратылған, сонда қай ру таңбасы артық қалса, сол әскер келмегендігін білдірген. Сондай — ақ бұл жерде кектемгі уақытта үш жүздің баласы бас қосып , таңбаларын алып, жаз жайлау, қыс қыстауларын белгілеп жер белісіп отырған.

«Бірлік» (Ордабасы) монументі, 1997 ж.

Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алғаннан кейін көп уақыт өтпей–ақ елімізде бұрынғы ұмытылған жайлар аталып өтіле бастады. Соның бірі Ордабасы тауында Төле, Қазыбек, Әйтеке билерді еске алу күндерінің өтуі болатын. 1723 жылдың көктемінде шығысымыздан тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғарлар жолындағы ауылдарды қырып-жойып Түркістанға бірақ жеткенде қазақтар “Елім – ай” — деп зарлап шыға келген. Тарыдай шашырап кеткен қазақтарды біріктіріп, басқыншы жауға тойтарыс беруде осы Ордабасыда өткен кездесу маңызды болды. Бірлік пен ынтымақ қай кезеңде болмасын керек ол өзінің тарихи мәнін жойған емес.«Бірлік» монументі қазақ елі үшін береке-бірліктің бастауы іспетті.  Бұл ескерткішке зиярат етушілер Жаратушы Құдіреттен: «Еліме, жұртыма, әулетіме, отбасыма береке-бірлік бер, заманымыз тыныш болсын, өміріміз бейбіт болсын», – деген тілек тілеп барады.Оның куәсі міне осы Ордабасы тауындағы Бірлік монументі XVIII ғасырдың бірінші жартысында жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ халқының бір орталыққа бірігуінің ұйытқысы болған Төле, Қазыбек, Әйтеке билерді еске алу үшін орнатылған. Ескерткішке “Бірлік ” деген атау берілді. «Бірлік» ескерткіші кең мағыналы, кең тынысты монументалды композиция, ол үш бұрыштан, үш бұрышы үш бидің асқақ тұлғаларын бейнелейді. Үш қырлы стела ақ мәрмәрден жасалған тақталармен қапталған. Оның әр қыры Қазақстанның әр шетіне бағытталған сияқты: Сырдария жағына – батыста, Қаратау тауларына – солтүстікте, Қазығұрт тауларына — оңтүстік-шығыста. Стелланың әр қырында үш ұлы бидің айтқан сөздері жазылған тақтайшалар бар. Ескерткіштің биіктігі 28 метр, негізгі ені 8 метр. Ордабасы тауының қойнауында 1726 жылы Орда тігіліп, қазақтың үш жүзінің игі жақсыларының басы қосылып, жоңғар басқыншылығына қарсы күреске халықты жұмылдыру жайы талқыланды. Бұл жиын-қазақ елі тарихындағы аса ауыр сын кезінде, халықтың рухын көтеріп, ұлттық намыстың отын жаққан, жүрекке жігер, бойға қуат беріп, алдағы ұлы шайқастарға бір­тұтас ел болып аттанудың тағдырын шеш­кен аса маңызды оқиға болып саналады. Осы кезден бастап-ақ, ол киелі, әулиелі жер саналып келеді.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close