ӨРТ СӨНДІРУ КЕЗІНДЕГІ ТЕХНИКА ҚАУІПСІЗДІГІ-2
Адамдарды жаппай эвакуациялау үшін құтқару жеңін пайдалану кезінде ол автокөтергіштің люлькасының еденіне бекітіледі. Құтқару жеңі бекітілген люлькада бір мезгілде 2 адамнан артық болмауы тиіс. Екі және одан көп құтқару жеңдерін қосуға болмайды.
Автоматты ажырату және дабыл беру электр желісі жарамды болғанда ғана адамдарды автосатының кабинасында көтеруге (түсіруге) болады. Сигналды автомат қоңырауы соғылғанда кабинаны көтеру дереу тоқтатылады және лифт кабинасы бастапқы күйге келтіріледі. Лифт кабинасында бір мезгілде көтерілетін (түсірілетін) адамдар (жүк массасы) саны автосатыны пайдалану жөніндегі зауыт белгіленген нұсқаулықтың шамасынан (салмағынан) артық болмауы қажет.
Автосатылар мен автокөтергіштерді басқаруға тиісті бағдарлама бойынша оқу курсынан өткен және автосатыда (автокөтергіште) жұмыс істеу құқығын беретін куәлік алған жүргізушілер жіберіледі. Автосатыны (автокөтергішті) жұмысқа дайындау және жұмыс істеу тәртібі дайындаушы зауыттың нұсқаулығына және осы нұсқаулықтың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Автосатылар рұқсат етілген көлбеу бұрышы шегінде иіндердің қозғалысын қамтамасыз ететін қашықтықта ғимараттардың жанында орнатылуы қажет. Автосатыларды жылжыту жабын (алаң, қоршау және т.б.) карнизінен 1,0 – 1,5 м жоғары жүргізіледі. Тиісті ұзындыққа жылжытылғаннан кейін автосаты тұйықтағышқа (бар болса) орнатылуы қажет. Құрылыс құрылымдарына тірелген автосатылармен жұмыс істеу кезінде қозғалтқышты өшіру қажет. Люлькамен жабдықталған автосаты жұмыс істеген кезде қозғалтқыш өшірілмейді. Автосатылар мен автокөтергіштердің жүргізушілері өртте (жаттығуларда, сабақтарда) жұмыс істеген кезде каска киюі қажет. Автосатыда (автокөтергіште) жұмыс істеу кезінде жүргізуші: автосатыларды (автокөтергіштерді) пайдалану жөніндегі талаптарды сақтауға және олармен жұмыс істеушілерден талаптардың сақталуын талап етуге; саты иініне (көтергіш жебесіне), әсіресе, қысқы уақытта судың (көбіктің) төгілуіне жол бермеуге; ауа температурасы — 10°С төмен болғанда ілінісу муфтасының басқышын созылыңқы қысқа мерзімді босату арқылы гидро сорғыны іске қосуға, ал бұл ретте қозғалтқыштың тұрақты айналымында басқышты жіберуге; жұмыста қысқа мерзімді үзіліс болғанда гидро сорғы мен қозғалтқышты қосылған күйде қалдыруға міндетті. Жұмыс орнын ауыстырғанда саты (автокөтергіш жебесі) иіндері көлікке салынады, тіректері көтеріледі, рессорларының бұғаттағыштары ашылады, қуат таңдау қорабы ажыратылады.
Автосатыны (автокөтергішті) кран ретінде пайдалану кезінде иіндері (жебелері) жиналуы қажет. Жүк көтергіш массасын қоса алғанда жүктің ең жоғарғы шамасы дайындаушы зауыттың рұқсат берген шамасынан артық болмауы қажет. Жұмыс істеу кезінде қолданылатын жүк асыр қоятын арқандар сынақтан өткізілуі және таңбасы болуы қажет.
Автосаты баспалдағымен жоғары сатыға сүйемегенде және көлбеу бұрышы 50° дейін болғанда тек бір адамды ғана, ал егер бұрыш 50° артық болғанда бір мезгілде екі адамды көтеруге (түсіруге) рұқсат етіледі. Сүйенген сатымен МӨҚҚО бөлімшелерінің қызметкерлері кемінде 3 м интервалмен, ал көтеру массасы 100-120 кг болғанда кемінде 8 м интервалмен тізбектеп жүре алады. Бұл ретте сатының резонансты тербелуі болмайтындай ырғақпен жүрмеу қажет.
Автосаты (автокөтергіш) орнатылатын алаңда 6° аспайтын ылди, қатты жабыны немесе қатты қабаты болуы қажет. Жұмсақ қабатқа орнату кезінде тірек дискілерінің астынан Автосатының (автокөтергіштің) жинағына кіретін арнайы төсемдер төселеді.
Сатының жоғарғы жағына бекітілген өрт оқпаны жұмыс істегенде мынадай талаптар сақталуы қажет:
егер көтеру бұрышы 75° артық болмағанда саты оның тұтас ұзындығының 2/3 аспайтын ұзындығына жылжытылады;
жең желісі сатының ортасына төселеді және жең бөгегіштермен басқыштарға мықтап бекітіледі;
жең желісіне су беру және су беруді тоқтату бір қалыпты, күрт тербеліссіз жүзеге асырылады, оқпан қысымы кемінде 0,4 МПа болуы қажет.
Сатының соңына орнатылған өрт оқпаны кедергімен соқтығыстан автосатыны қорғайтын сақтандыру құрылғысының қолданыс аясынан тыс шығатынын, сөйтіп сақтандыру құрылғысының іске қосылмайтынын ескерген жөн.