БАЛАЛАР ДЕНСАУЛЫҒЫН ҚОРҒАУ – ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫҢ БАСТЫ БАСЫМДЫҚТАРЫНЫҢ БІРІ
Балалардың денсаулығын сақтау мен олардың сапалы медициналық көмек алу құқығын қамтамасыз ету – кез келген мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды көрсеткіштерінің бірі.

Қазақстанда бұл бағытқа ерекше мән беріліп келеді. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияда отбасы, аналық, әкелік және балалықты қорғау мәселелері мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде айқындалды. Бұл құжат балалардың құқықтарын қорғаумен қатар, олардың денсаулығын сақтауға бағытталған жұмыстарды одан әрі жетілдіруге құқықтық негіз қалыптастырды.
Осыған орай Түркістан облыстық балалар ауруханасында «Жаңа Конституция және балалардың құқықтарын қорғау» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – жаңа Конституциядағы балалардың құқықтарына қатысты нормаларды медицина қызметкерлеріне кеңінен түсіндіру, денсаулық сақтау ұйымдарының жауапкершілігін арттыру және бала денсаулығын қорғаудағы заңнамалық негіздерді талқылау болды.
Семинар барысында Конституцияның 30-бабында бекітілген «Неке мен отбасы, аналық, әкелік және балалық мемлекет қорғауында болады» деген норма жан-жақты түсіндірілді. Бұл қағида тек құқықтық ереже ғана емес, денсаулық сақтау жүйесінің де негізгі ұстанымдарының бірі болып саналады. Себебі әрбір баланың өмір сүруге, сапалы медициналық көмек алуға, аурудың алдын алу шараларымен қамтылуға және қауіпсіз ортада өсуге деген құқығы мемлекет тарапынан қорғалады.
Бүгінде Қазақстанда балалар денсаулығын нығайтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Ана мен бала денсаулығын қорғау, профилактикалық тексерулерді күшейту, вакцинациямен қамтуды арттыру, алғашқы медициналық-санитариялық көмекті жетілдіру және балаларға көрсетілетін мамандандырылған медициналық қызметтің сапасын көтеру – осы бағыттағы негізгі міндеттердің бірі.
Түркістан облысында да балалар денсаулығын қорғауға ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы жылдары өңірде балалар ауруханаларының материалдық-техникалық базасы жаңартылып, заманауи диагностикалық және емдеу құралдары алынуда. Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға, жаңа технологияларды енгізуге және медициналық көмектің сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар тұрақты жүргізілуде.
Балалардың денсаулығын қорғау тек ауруды емдеумен ғана шектелмейді. Бұл – аурулардың алдын алу, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру, профилактикалық екпелерді уақытылы алу, созылмалы ауруларды ерте анықтау және ата-аналардың денсаулық мәдениетін көтеру сияқты кешенді жұмыстарды қамтиды. Сондықтан медициналық ұйымдардың халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізуі ерекше маңызға ие.
Семинар барысында медицина қызметкерлері балалардың құқықтарын қорғау мәселесінде дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігіне де тоқталды. Әрбір медицина қызметкері балаға медициналық көмек көрсету кезінде оның заңмен қорғалатын құқықтарын сақтап, қауіпсіз әрі сапалы қызмет көрсетуге міндетті. Бұл талаптар жаңа Конституциядағы қағидалармен толық үндеседі.
Жаңа Конституция денсаулық сақтау жүйесіне де жаңа міндеттер жүктейді. Атап айтқанда, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, балалар арасында аурулардың алдын алу шараларын күшейту, сапалы медициналық қызмет көрсету және әрбір баланың денсаулығын қорғауға қолайлы жағдай жасау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болып қала береді.
Түркістан облыстық балалар ауруханасы өңірдегі балаларға мамандандырылған медициналық көмек көрсететін жетекші ұйымдардың бірі ретінде емдеу қызметімен қатар ақпараттық-ағартушылық жұмыстарға да белсенді қатысып келеді. Осындай семинарлардың ұйымдастырылуы медицина қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, балалардың денсаулығын қорғау ісіндегі жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік береді.
Бүгінде елімізде балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған жұмыстар кешенді түрде жүзеге асырылып келеді. Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан заңнамалық өзгерістер, денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту, медициналық инфрақұрылымды дамыту және кадрлардың кәсіби әлеуетін арттыру – осының барлығы өскелең ұрпақтың дені сау болып қалыптасуына негіз қалайды.
Балалардың денсаулығына инвестиция салу – елдің болашағына инвестиция салумен тең. Сондықтан жаңа Конституцияда бекітілген қағидалар әрбір баланың сапалы медициналық көмекке қол жеткізуіне, қауіпсіз ортада өсіп-жетілуіне және толыққанды дамуына қызмет етеді. Денсаулығы мықты ұрпақ – елдің тұрақты дамуы мен жарқын болашағының кепілі.



