ЕЛІМІЗДІҢ БЕС ӨҢІРІНДЕ ТІРКЕЛГЕН ОРМАН ӨРТТЕРІ ДЕР КЕЗІНДЕ СӨНДІРІЛДІ
10 шілде күні еліміздің бірнеше өңірінде орман және табиғи аумақтарда өрт оқиғалары тіркелді. Жедел әрекет еткен мамандардың үйлесімді жұмысының нәтижесінде барлық өрт қысқа уақыт ішінде толықтай сөндіріліп, тілсіз жаудың кең аумаққа таралуына жол берілген жоқ.

Өрттердің бірі Қостанай облысында, тағы бірі Павлодар облысында орын алды. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстандағы Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи саябағында, Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында және «Жасыл аймақ» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны аумағында да өрт тіркелді.
Жауапты қызметтердің жедел іс-қимылының арқасында барлық өрт ошақтары дер кезінде оқшауланып, толықтай сөндірілді. Оқиғалар салдарынан өрттің ірі аумаққа таралуына немесе төтенше жағдайдың ушығуына жол берілмеді.
Мамандар жаз мезгілінде ауа райының ыстық әрі құрғақ болуына байланысты өрт қаупі жоғары екенін ескертеді. Осыған байланысты азаматтарды табиғат аясында демалу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Атап айтқанда, орман алқаптары мен далада от жақпауға, сөндірілмеген темекі тұқылын немесе шырпыны тастамауға, сондай-ақ жанғыш қалдықтарды қалдырмауға кеңес беріледі. Мамандардың айтуынша, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау табиғатты тілсіз жаудан қорғаудың ең тиімді жолы.



