Без рубрики

ІІМ «ЖОЛ ЖҮРІСІ ТУРАЛЫ» ЗАҢҒА ЕНГІЗІЛГЕН ӨЗГЕРІСТЕРДІ ТҮСІНДІРДІ

Ішкі істер министрлігі Қазақстан Республикасының «Жол жүрісі туралы» заңына енгізілген өзгерістерді түсіндірді.

Жаңа нормалар 2026 жылғы 25 тамыздан бастап күшіне енеді. Ең алдымен, 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілерге қатысты міндетті медициналық тексеруден екі жылда бір рет өту талабы енгізілді. Бұл жөніндегі мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелері арасында автоматты түрде алмасады.

Егер мемлекеттік ақпараттық жүйеде жүргізушінің медициналық тексеруден өткені және көлік құралын басқаруға қарсы көрсетілімдерінің жоқтығы расталмаса, оның көлік құралын басқару құқығы тоқтатылады. ІІМ бұл талап тек 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілерге ғана қатысты екенін ерекше атап өтті.

Келесі өзгеріс жол жүрісі қағидаларын білу деңгейін қайта тексеруге байланысты. Заңда көзделген жағдайларда жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзған жүргізушілер қайтадан теориялық емтихан тапсыруға жіберілуі мүмкін. Мұндай бұзушылықтарға, мысалы, жол қиылысынан өту кезінде апаттық жағдай туғызу, белгіленген жылдамдықты бірнеше рет асыру, маневр жасау, жолақ ауыстыру немесе басып озу қағидаларын қауіпті түрде бұзу жатады.

Бұл талап барлық жүргізушіге емес, тек заңда нақты көзделген жағдайларда ғана қолданылады. Егер жүргізуші дәлелді себепсіз тиісті қаулыны алған күннен бастап екі ай ішінде теориялық емтиханға келмесе, бұл да көлік құралын басқару құқығын тоқтатуға негіз болады.

Сонымен қатар алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде көлік басқарғаны үшін жауапкершілік күшейтілді. Енді қылмыстық іс жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылғанның өзінде, құқық бұзушы сегіз жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылады. Ал егер жүргізуші куәлігі болмаса, оны сегіз жыл бойы алу мүмкін болмайды.

ІІМ бұл өзгерістердің барлығы жол жүрісі қауіпсіздігін арттыруға, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталғанын атап өтті. Ведомство жол қозғалысына қатысушыларды ережелерді қатаң сақтауға шақырып, ал аталған талаптарға жататын жүргізушілерді міндетті медициналық тексеруден уақытылы өтуге үндеді.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close